Түркістан облысында инвестициялық жобалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Биыл өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өтіп, жауапты мекемелерге 31 хаттамалық тапсырма берілген болатын, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы тапсырмалардың орындалу барысы мен жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің жетекшілігімен өткен кезекті отырыста талқыланды.
Жиында 2024 жылы жүзеге асатын инвестициялық жобалардың бүгінгі жай-күйі сараланып, бұрын берілген тапсырмалардың орындалуы пысықталды. Сондай-ақ, Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері былтырғы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы туралы есеп берді.
Қанат Қайыпбек жаңа жобаларды уақытында іске қосу мен инфрақұрылым жұмыстарын жеделдету қажеттігін ескертті.
«Облыстағы барлық электр қосалқы станцияларына инвентаризация жүргізіп, бос қуат резервтерін анықтаңыздар. Автоматтандырылған газ тарату станцияларының жағдайына толық ревизия жасап, олардың жобалық қуаты мен нақты тұтыну көлемін анықтап беріңіздер. Инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс», – деді әкім орынбасары.
Биыл Түркістан облысында бірнеше маңызды инвестициялық жоба жүзеге асуда. Сауран ауданындағы Шаға ауылдық округінде «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар шығаратын зауыт салып жатыр. Шардарада «Dos Big Company» ЖШС қонақ үй кешені мен фитнес орталығын іске қоспақ.
Ал Төлеби ауданында «Тауэнерго» мен «Jasyl qyat» компаниялары шағын гидроэлектростанция құрылысын қолға алған. Сонымен қатар, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлауда.
Өңір әкімдігі тарапынан барлық инвестжобаларға қажетті қолдау көрсетіліп, орындалу барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр.
Айтқандай, Түркістан облысында шағын өндірістік парктер құру тәжірибесі өзге өңірлерде де қолданылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







