Жетісу облысында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен экологиялық демалыс орындарын құру қарқынды басталып кетті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жұмыс сапары аясында солардың бірі – «Қойтас» эко-саябағының құрылыс барысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарқан қаласында табиғаттың өзі тарту еткен ерекше ландшафтта бой көтерген «Қойтас» эко-саябағы алғаш рет 2022 жылы ашылған еді. Қысқа уақыт ішінде саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Былтырдың өзінде 850 метрлік жаяу жүргінші жолдары төселіп, балалар ойын алаңы, субұрқақтар мен орындықтар қойылды.
Мәдени іс-шараларға арналған 400 орындық амфитеатр, бақылау алаңдары, түрлі мүсіндер мен шағын архитектуралық нысандар орнатылып, аумаққа 1220 түп ағаш отырғызылды. Қауіпсіздік те назардан тыс қалмай, бейнебақылау камералары іске қосылды.
Биылғы басты жаңалық – саябақтың аумағы 6 гектардан 20 гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев баяндады. Оның айтуынша, жоба аясында өзен жағасынан қайықпен серуендеуге арналған демалыс аймағы салынып, тұрғындардың жайлы демалысы үшін жаңа орындар жасақталады. Сонымен бірге, этноауыл, шахмат аралы, ту тұғыры, жыл бойы жұмыс істейтін тюбинг аймағы, субұрқақ пен жасанды сырғанақ бой көтермек. Саябаққа жету жолы да оңтайландырылып, жаяу жүргінші жолы ұзартылып, қосымша көпір салу көзделген.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев экологиялық саябақты дамытудың маңызын ерекше атап өтті:

«Бұл жоба тек демалыс орны емес, табиғатты қорғаудың нақты үлгісіне айналуы тиіс. Саябақтың әр шаршы метрі тиімді пайдаланып, оның табиғи қалпы сақталуы керек. Сондықтан құрылыс пен абаттандыруға тек табиғи материалдар – ағаш, тас пен топырақ қолданылуы керек.
Эко-паркті дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеп, 2027 жылға дейін толық аяқтауды тапсырамын. Бұл саябақ болашақта Жетісудың ғана емес, барша Қазақстанның мақтанышына айналуы тиіс».
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында үш бірдей эко-саябақ салынып жатыр. Олардың қатарында Талдықорғандағы «Тасбақа», Текелідегі «Серкесай» және Сарқандағы «Қойтас» бар.
Аталған саябақтар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экологиялық таза орта қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Енді Жетісуға сапарлайтын әрбір турист үшін бұл саябақтар басты көрнекті орындардың біріне айналары сөзсіз.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына барған сапарында Балқаш көлінің алдағы шомылу маусымына дайындық барысын тексерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






