Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бүгін Сарқан ауданына барып, Балқаш көлінің алдағы шомылу маусымына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сапар аясында әкім Мемлекет басшысының тапсырмасымен туристік аймақтарды дамыту бағытында құрылған «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорнында болды.
Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, «Балқаш Тазалық» мекемесінде қазір 36 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы 22 арнайы техникамен қамтылған. Соның ішінде тракторлар, самосвал, жол тазалайтын аралас машиналар, манипулятор, вакуумдық цистерналар, қайық, жағажай тазалағыш көліктер және басқа да қажетті құралдар бар.
– Мекеме жазғы маусымда Балқаш көлінің жағалауын таза ұстау, абаттандыру, жарықтандыру, қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысады. Жаздан басқа уақытта бұл техникалар аудан аумағындағы жолдарды күтіп ұстауға және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге жұмылдырылады, – деді Ғалымжан Маманбаев.

Өңір басшысы автопарктің мүмкіндіктерімен танысып, қызметкерлерге көл жағалауын үнемі таза әрі көрікті ұстауды қатаң тапсырды.
– Балқаш көлінің туристік әлеуеті өте жоғары. Инфрақұрылым жасалды, жолдар жөнделді, әлеуметтік нысандар салынды. Туризм – ауданның басты даму бағытының бірі болуы тиіс. Жағалауды күтіп ұстау бойынша жүйелі әрі сапалы жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Айта кетейік, бұған дейін облыста «Алакөл Тазалық» мекемесі де құрылған. Осы екі кәсіпорын енді өңірдің туристік аймақтарын дамытуға жауапты болмақ.
Жетісу облысындағы Достық көлік-логистикалық торабының мүмкіндіктері кеңейіп, өткізу қабілеті артып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







