Маңғыстау облысында өнеркәсіптік сорғылар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай Беларусьтің «1AK-GROUP» компаниясы өкілдерімен кездесіп, жаңа инвестициялық жобаның мүмкіндіктерін талқылады. Инвесторлар Маңғыстауда мұнай-газ, су және химия салаларына арналған орталықтан тепкіш сорғылар мен модульдік сорғы станцияларын өндіретін кәсіпорын салуды ұсынып отыр.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 21 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Жаңа өндіріс Қазақстандағы сорғы жабдықтарына қатысты импорттық тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Мәліметке сәйкес, 2024 жылы елімізде осы өнім түрі бойынша импорт көлемі 521 млн АҚШ долларына жеткен.

Жоба іске асса, кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, ЕАЭО елдері мен Каспий маңы өңіріне өнім экспорттауға мүмкіндік алады. Инвестор ретінде қатысып отырған «1AK-GROUP» компаниялар тобы ТМД және ЕАЭО кеңістігінде өнеркәсіптік жобаларды іске асыру тәжірибесі бар ірі құрылымдардың бірі саналады. Компания аккумуляторлық батареялар өндірісімен де айналысады.
Кездесуде Нұрдәулет Қилыбай аталған жобаның Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге, экономиканы әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын ашылған жағдайда жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір бюджетіне түсетін салық көлемі артады.
Облыс әкімі инвесторларға заң аясында қолайлы жағдай жасауға және жобаның сапалы әрі уақытында жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Маңғыстау облысында 23 сәуір – Ұлттық кітап күні кең көлемде аталып өтті. Бұл күні кітап оқуды насихаттап, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







