Депутат Бақытжан Базарбек жоғары оқу орындарының басым бөлігі қолданатын Platonus жүйесі бойынша өткір мәселе көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, елдегі университеттер жұмысын жүргізетін Platonus платформасы бір ғана компаниялар тобының қолына өткен. Мемлекет тегін алуы тиіс платформаның меншік құқығы жеке тұлғаға рәсімделген. Осы себепті мемлекет аса маңызды жүйеден айырылып қалуы мүмкін.
Базарбектің сөзінше, Platonus-тың техникалық қызмет көрсету конкурсына екі-ақ компания қатысқан: «Flowport» және «Platonus». Сырт көзге бәсекелес болып көрінгенмен, екі фирманың да құрылтайшысы бір адам Башинов есімді азамат болып шықты.
«Конкурс шарттары әдейі тар етіп жасалған. Нәтижесінде екі компания ғана қатысады. Қазір Қазақстандағы 80 пайыз университет, яғни 104 жоғары оқу орны тек Platonus жүйесін пайдаланады. Сонда бұл жүйенің артында кім тұр? Кім лобби жасап отыр?» – деп сұрақ қойды депутат министрге.
Министр Саясат Нұрбек жүйеге қатысты мәселенің болғанын мойындады. Министрліктер бөлінген соң негізгі база Оқу-ағарту министрлігінде қалып, Ғылым министрлігі бюджеттік жоспарсыз өз жүйесін асығыс жасауға мәжбүр болған. Әзірлеме мемлекетке беріледі деген келісім жасалғанымен, меншік құқығын рәсімдеу аяқталмай, құжат жеке адамның атында қалған.
«Шынында техникалық қателік кетті», – деді Саясат Нұрбек.
Министр бүгінде барлық меншік құқығы толық мемлекетке қайтарылғанын айтты. Ал конкурстық талаптарға байланысты Жоғары аудиторлық палатаның ескертуінен кейін техникалық құжаттама қайта қаралып, ашық конкурс қаржы министрлігінің платформасында қайта өткізіледі деп сендірді.
Алайда…
Бірақ депутат Базарбек бұл жауапқа қанағаттанбады. Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата болашақ емес, қазірдің өзінде жасалып қойған конкурс пен келісімшартқа қатысты сын айтқан.
«Қандай ашық конкурс? Тек екі-ақ компания қатысқан. Конкурсты Ғылым және жоғары білім министрлігі өзі өткізген. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның ресми қорытындысы», – деді Базарбек.
Министр Саясат Нұрбек палата берген тапсырмалардың орындалғанын қайталап, конкурстық шарттарды қайта қарап, толық түзетуге уәде берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







