Қазақстанда қарыз өндіру тәртібі азаматты тығырықтан шығарудың орнына, кейде одан сайын бұғаулап тастайтын жүйеге айналып барады. Депутат Мұрат Әбенов шамамен бір жарым миллион шоттың бұғатта тұрғанын айтып, қазіргі тәжірибенің Конституция талабымен қаншалық үйлесетінін ашық сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, банк саласына қатысты бұрын қабылданған өзгеріс пен алаяқтыққа қарсы шарадан кейін басқа бір ауыр мәселе алға шыққан. Ол адамның шоты жаппай бұғатталып, қарыз дауы сотқа жетпей-ақ шешіле беретін тәртіп.
Әбеновтің айтуынша, жағдайды анықтай бастағанда, нотариустарға өте үлкен өкілет берілгені әшкере болған. Азаматтың өзін шақырмай, уәжін тыңдамай, ісін сотта қарамай-ақ, оны борышкер ретінде тануға жол ашылған.
«Бір жарым миллионға жуық шот бұғатталған жағдайға келіп тірелдік. Қарасақ, нотариустарға адамның қатысуынсыз-ақ оны борышкер деп тануға мүмкіндік берілген», — деді Әбенов.
Мәжілісменнің сынына қарағанда, қазір микрофинанс ұйымдары мен ломбардтар да осы жолмен қарыз өндірте алады. Алдымен нотариус атқарушылық жазба жасайды. Кейін ол құжат жеке сот орындаушысына өтеді. Содан соң шотқа тыйым салынып, адамның күнделікті тіршілігі шектеле бастайды.
Депутат дәл осы тұсты ең қауіпті түйін деп атады. Өйткені адам сотта өз сөзін айтып үлгермей тұрып, жүйе оны борышкер ретінде қабылдап қояды.
Қарызын төлесін десек, табысын неге кесеміз?
Әбенов борышкерге қолданылатын шектеудің де қисынын сынға алды. Бұрын мұндай қатаң шара көбіне алимент төлемеген адамға қолданылатын. Қазір ауқымы кеңейіп кеткен.
Мысалы, адам микрофинанс ұйымына қарыз болуы мүмкін. Бірақ оған жүргізуші куәлігі бойынша шектеу қойылады. Егер ол таксилетіп күн көрсе, сол сәтте нәпақасынан айырылады.
«Адам МҚҰ-ға қарыз болуы мүмкін. Бірақ соған бола жүргізуші куәлігінен айырылады. Егер ол таксиде жүрсе, ақша табу мүмкіндігін жоғалтады. Сонда қарызын қалай өтейді? Мұның қай жері қисынды?» деді депутат.
Осы жерде мәселе қарызды кешіруде емес. Қарыз қайтуы керек. Бірақ оны өндіру тәсілі адамның табыс табатын жолын жауып тастаса, жүйе өз мақсатына өзі қарсы жұмыс істейді.
Қарыздың үстіне жүк арта беру
Депутат пайыз мәселесін де айналып өтпеді. Оның айтуынша, борышкер негізгі қарыздың өзін әрең көтеріп жүргенде, үстінен тағы қосымша салмақ түседі.
«Адам негізгі қарызды жаба алмай отырғанда, үстінен тағы пайыз қосылады. Банк өз пайдасын көріп қойған. Ендеше неге барлық ауыртпалық борышкерге ғана артылуы керек?», — деді Әбенов.
Мұнда да түйін анық. Қаржы ұйымының құқы қорғалуы тиіс. Бірақ борышкердің де күнкөріс құқы, еңбек ету мүмкіндігі, өз уәжін айту құқы елеусіз қалмауы керек. Тепе-теңдік жоғалса, қарыз өндіру құқықтық құрал емес, әлеуметтік қысымға айналады.
Жұмыс тобы не деді
Жұмыс тобының өкілі қазіргі тәртіп даулы емес деп танылған қарызды жедел өндіріп алуға арналғанын айтты. Бұрын мұндай іс сот арқылы жүрсе, кейін нотариустарға өткен.
Ол депутат көтерген сын мен ұсыныс заң жобасын әрі қарай талқылау кезінде қаралуы мүмкін екенін жеткізді.
«Мемлекет борышты өндіргенде, адамның өзін жоғалтып алмауы керек. Қарыз қайтарылсын. Бірақ сол жолда азаматтың еңбек етуге, күн көруге, өз уәжін айтуға деген ең негізгі мүмкіндігі тұншықпауы тиіс», — деді сөз соңында депутат Әбенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







