Қазақстанда бюджет пен Ұлттық қор арасындағы қатынас жаңа тәртіпке көшіп жатыр. Бұрын жетпеген қаржының бір бөлігі қордан алына беретін болса, енді мұны тежеуге бағытталған ереже күшіне енді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова елде контрциклдік бюджет ережесі енгізілгенін айтты. Сонымен бірге салық заңнамасына да өзгеріс қабылданған. Осы екі қадам Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік берген.
Молдабекованың сөзінше, былтыр кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 5,2 трлн теңгеден асып кеткен. Ал биыл бюджетке шамамен 2,2 трлн теңге ғана қарастырылған. Айырма айтарлықтай. Себебі биыл нысаналы трансферт жоспарланбаған, тек кепілдендірілген трансферт сақталған.
Қордан ақша алу неге азайды
Жаңа ереженің негізгі мақсаты Ұлттық қорды күнделікті бюджет тапшылығын жабатын әмиянға айналдырмау. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет қордағы ақшаны оңды-солды жұмсамай, оны сақтап әрі көбейтуге көбірек мән бермек.
Әлия Молдабекова осы тәсіл Ұлттық банкке қор активін басқаруға көбірек мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, қаржы аз алынған сайын қорды сақтау және көбейту жұмысына басымдық беруге болады.
Мұнда мәселе тек бухгалтерлік есепте емес. Ұлттық қор мұнайдан түскен табыстың бір бөлігін болашаққа жинайтын негізгі резерв. Егер бюджет жыл сайын қор есебінен толығып отырса, жинақтау логикасы әлсірейді. Ал трансферт азайса, қордың ұзақ мерзімді рөлі қайта күшейеді.
Былтыр көп ақша алынса да, қор өсті
Қызығы, 2025 жылы трансферт көлемі жоғары болғанына қарамастан, Ұлттық қор өсім көрсеткен. Қордың инвестициялық кірісі 8,7 млрд доллар болған. Бұл ма, бұл рекордтық көрсеткіш.
Актив көлемі де ұлғайған. 2024 жылдың соңында Ұлттық қор 58,8 млрд доллар болса, 2025 жылдың соңына қарай 63,9 млрд долларға жеткен. Қазіргі нарықтық құны 64,6 млрд доллар шамасында бағаланып отыр.
Яғни қордан ақша алынғанымен, инвестициялық табыс пен нарықтағы өсім оның жалпы көлемін ұлғайтқан. Бірақ мұндай нәтиже әр жыл сайын қайталана береді деу қиын. Сондықтан жаңа бюджет ережесінің мәні дәл осы жерде көрінеді: қолайлы кезеңде қорды жұмсай бермей, жинақтау бағытын күшейту.
Бюджет енді өз тәртібін қатайтуға мәжбүр
Ұлттық қордан трансферттің қысқаруы Үкіметке де белгі береді. Бюджет бұрынғыдай резерв ақшасына арқа сүйей алмайды. Демек, шығынды жоспарлау, салық түсімін көбейту, тиімсіз бағдарламаны қысқарту мәселесі өткірлене түседі.
«Қордағы ақшаны сақтау жақсы шешім. Бірақ оның екінші жағы бар: бюджет кірісі жеткіліксіз болса, мемлекет шығынды басқа жолмен өтеуге мәжбүр болады. Сондықтан жаңа тәртіп тек Ұлттық банкке емес, тұтас қаржы саясатына жауапкершілік жүктейді», — дейді осы тұста Ertenmedia-ға пікір білдірген сарапшы Айбар Олжай.
Қазір байқалып отырған басты өзгеріс Ұлттық қорды «жедел көмек кассасы» ретінде пайдалану азая бастады. Егер осы бағыт сақталса, қор болашақ ұрпаққа арналған нақты резерв сипатын қайта күшейтуі мүмкін.
Болашақ демекші, ақпан айында 6.9 миллион бала инвестор атанды. Ұлттық қордағы ақша жеке шоттарға түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







