Қазақстанда мемлекеттік қызметтің ішкі тәртібі мен мансап жүйесін өзгертетін жаңа заң ұсынылды. Сенатор Евгений Больгерттың айтуынша құжат шенеуніктің өсу жолын жұмысының нәтижесіне, білімі мен кәсіби дайындығына байлайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенатордың сөзінше, мемлекеттік қызметте лауазым төрт деңгейге бөлінеді. Әр деңгейдің еңбекақысы әртүрлі болады. Ал қызметте жоғарылау бағалау қорытындысына, оқыту мен тағылымдамадан өту нәтижесіне қарай шешілмек.
Жалақы үш жылда бір рет қайта қаралады
Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет индексациялау нормасы бар. Яғни еңбекақы инфляция мен экономикалық жағдайға қарай жүйелі түрде қайта есептелуге тиіс.
Сонымен қатар басқа елді мекенге ауысқан қызметкерге қосымша қолдау қарастырылған. Оған көтерме жәрдемақы мен көшу шығынын өтеу кіреді.
«Мемлекеттік қызметшілерге басқа елді мекенге ауысқан кезде көтерме жәрдемақы және көшу шығынын өтеу төлемі беріледі. Зейнетке шыққанда төрт айлық жалақы көлемінде біржолғы сыйақы қарастырылған», деді Евгений Больгерт.
Еңбек өтіліне қарай қосымша демалыс беріледі
Құжатта ұзақ жыл жұмыс істеген қызметкерлерге қосымша ақылы демалыс беру нормасы да енгізілген. Мемлекеттік қызметтегі өтілі 10 жылдан асқан адамға 3 күн, 15 жылдан асса 5 күн, 20 жылдан кейін 10 күн қосымша демалыс беріледі.
Отбасылық жағдайға байланысты қысқа мерзімді ақылы демалыс та қарастырылған. Оның ұзақтығы 10 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін.
Заңсыз жұмыстан шығарылғандарға өтемақы төленеді
Жаңа заң мемлекеттік қызметшілерді заңсыз жұмыстан шығару немесе қызметін төмендету жағдайында қорғау тетігін күшейтпек. Қызметіне қайта оралған адамға алты айдан аспайтын кезең үшін жалақысы немесе жалақы айырмасы көлемінде өтемақы төленеді.
Тәртіптік жауапкершілік жүйесі де жұмсарған әрі икемді сипат алмақ. Жаза қолданғанда жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Кей жағдайда жауапкершіліктен босату тәртібі белгіленеді. Тәртіптік жазаның мерзімі 2 айдан 6 айға дейін созылады.
Іріктеу Е-қызмет арқылы өтеді
Кадр іріктеу рәсімі Е-қызмет жүйесі арқылы цифрлық форматқа көшеді. Сонымен бірге үміткерлерді алдын ала даярлау институты енгізіледі. Мұндай дайындықтан өткен азамат кейін конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал.
Сенатордың айтуынша, заң мемлекеттік аппаратқа білікті маман тартуға, кадр тапшылығын азайтуға және мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
«Мемлекеттік қызметке келетін адам үшін мансап жолы, әлеуметтік кепілдік, тәртіп пен жауапкершілік ережесі бұрынғыдан анығырақ болуға тиіс. Ал қоғам үшін негізгі өлшем өзгермейді. Жаңа жүйе қағазда емес, нақты қызмет сапасында сезілуі керек», — дейді осы тұста бізге пікір білдірген сарапшы Нұрлан Жұмахан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







