Қазақстанда жемқорлыққа қарсы заң қатаңдай түседі. Депутаты Айдос Сарым жаңа заң жобасын таныстырып, коррупциямен күрестегі маңызды өзгерістер туралы баяндау жасады деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа заң жобасында ең алдымен жемқорлықтың алдын алу шаралары күшейеді. Мүдделер қақтығысын болдырмау мәселесі егжей-тегжейлі қаралып, меморгандар мен квазимемлекеттік мекемелерде осы процеске жауапты қызметкердің құзыреті арттырылмақ. Атап айтқанда, әдеп жөніндегі уәкіл мен комплаенс-қызметтердің рөлі айқындалады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер өзінің жеке мүдделерін декларациялауға міндеттеледі.
Бұдан бөлек, ағайын-туыс адамдардың бір жерде қызмет істеуіне тыйым салынатын талап енгізіледі. Егер осы шарт орындалмаса, жауапты тұлғалар тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Осындай жағдайда жасалған келісімдер мен шарттар жарамсыз боп танылады.
Пара туралы келіскеннің өзі – қылмыс
Сарым есебіндегі ең маңызды өзгерістің бірі – пара ұсыну, пара беруге уәде беру немесе пара талап етуді тікелей қылмыс деп тану. Депутаттың айтуынша, мұндай норма Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 38 елдің бәрінде бар және көптеген посткеңестік елдердің заңында да кездеседі. Өзгеріс пара беру мен алудың алдын алуға бағытталған және жемқорлықтың алдын-ала жолын кесуге мүмкіндік береді.
Тұрмыстық жемқорлықтың тамырына балта шабылады
Жаңа заң жобасы бойынша, мемлекеттік қызметкер емес, азаматтық қызметтегі адамдарға да пара алғаны үшін қатаң қылмыстық жаза тағайындалады. Бұл әсіресе білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы тұрмыстық жемқорлықты азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, қарапайым азаматтарға да заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Жемқорлыққа қарсы агенттік осындай қылмыстарды анықтап, тергеу жүргізе алады.
Заңды тұлғалар жауапкершілігі күшейеді
Енді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар заңды тұлғалардың да жауапкершілігі күшейтіледі. Бұдан былай қылмыстық жазаға сәйкес санкциялар белгіленіп, заңсыз жолмен пайда тапқан компаниялар жауапқа тартылмақ.
Жемқорлықпен сотталғандарға қойылатын шектеулер жеңілдейді
Айдос Сарым заң жобасында бұрын жемқорлық үшін сотталған азаматтарға қатысты бірқатар шектен тыс әрі Конституцияға қайшы шектеулер алынып тасталғанын атап өтті.
Бұған дейін ондай тұлғалардың мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеуіне толық тыйым салынатын. Енді осы талаптар Конституция нормаларымен сәйкестендіріліп, орынды реттелетін болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі қалай өзгереді?
Заң жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қайта құрылмақ. Оның кейбір өкілеттіктері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасында бөліске түседі.
Сондай-ақ, ресми іс-шараларда мемлекеттік заңды тұлғаларға табысталған сыйлықтарды мемлекет меншігіне қайтару туралы да өзгеріс енгізілді.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобаларын қолдап, оларды Сенат қарауына жіберуді ұсынып отыр.
Айта кетелік, алда елімізді үлкен науқан күтіп тұр. Мәжілістің орнын басатын Құрылтайдың этикасы бөлек болады. Ардақ Назаров ендігі жерде шешесін мінберден құттықтай алмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







