Қазақстанда несие бойынша ішінара мерзімінен бұрын өтеуді ай сайынғы төлем күні жасаған тиімді деген кең тараған кеңес шындыққа толық сәйкес келмейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
13 жыл банк саласында жұмыс істеген қаржы блогері Сұлтан Елемесов бұл «лайфхактың» қате түсінік екенін айтты. Оның сөзінше, көп адам «айлық төлемді жасап, сол күні қосымша ақша салсаң тиімді» деп ойлайды. Бірақ аннуитеттік несие жүйесінде пайыз күн сайын негізгі қарыз қалдығына есептеледі.
Яғни сіз ішінара мерзімінен бұрын өтеуді кешіктірген әр күн – банк үшін қосымша табыс.
Елемесов мысал ретінде 88 мың теңгелік несиені келтіреді. Жылдық мөлшерлеме 12 пайыз, ай сайынғы төлем – 30 мың теңге, мерзімі – 3 ай. Егер қосымша төлем мүлде жасалмаса, жалпы артық төлем 1770 теңге болады.
Көп адам қолданатын «лайфхак» бойынша клиент ай соңында жоспарлы төлеммен бірге тағы 30 мың теңге енгізеді. Бұл жағдайда артық төлем 1320 теңгеге түседі.
Ал қосымша төлемді ай ортасында жасаса, бірақ жалпы төленген сома аз болса, артық төлем 1441 теңге болып шығады. Көп адам осы жерден «ай соңында төлеген тиімді екен» деп ойлайды.
Бірақ мәселе басқа жерде. Бірінші жағдайда клиент алғашқы айда 60 мың теңге төлеген. Екінші жағдайда небәрі 42 мың теңге ғана енгізген. Яғни салыстыру тең емес.
Егер ай ортасында қосымша 30 мың теңге салып, кейін тағы 18 мың теңге қосып, жалпы соманы бәрібір 60 мың теңгеге жеткізсе, онда артық төлем 1170 теңгеге дейін азаяды. Бұл ай соңындағы «лайфхактан» да тиімді.
Себебі банк пайызды күн сайын есептейді. Қарыз қалдығы неғұрлым ерте азайса, пайыз да соғұрлым аз жиналады.
Сарапшылардың айтуынша, банктердің кей клиентке «төлем күнін күтіңіз» деуі де кездейсоқ емес. Әр кешіктірілген күн – банк үшін қосымша пайыз.
Қазақстан заңнамасында жеке тұлғаның несиесін мерзімінен бұрын өтеуге комиссия немесе айыппұл салуға тыйым салынған. Сондықтан «айыппұл болады», «арнайы күн күту керек» немесе «дәл осы күні ғана тиімді» деген түсініктің көбі – миф.
Практикалық тұрғыдан ең тиімді тәсіл қарапайым: қолыңызда бос ақша пайда болған сәтте негізгі қарызды азайту. Себебі әр өткен күн банкке емес, өзіңізге жұмыс істеуі керек.
Несиеде басты нәрсе күнтізбе емес, негізгі қарыз қалдығы. Сол қалдық неғұрлым ерте азайса, артық төлем де соғұрлым төмен болады.
Қазақстанда декреттік және жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдер жүйесіне тағы өзгеріс енгізіледі. Алдағы уақытта декреттік төлем алғысы келетіндер табысын растайтын қосымша құжаттар ұсынуы тиіс. Шара жалған құжат жасап, бюджет қаржысын заңсыз иемденуді азайту мақсатында қолға алынбақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







