Депутат Болатбек Әлиев Қазақстан арзан дизель арқылы көрші елдердің экономикасын субсидиялап отыр деп мәлімдеді. Пікірінше, әлеуметтік қолдау деп халыққа арналған арзандатылған жанармайды бүгінде шетелдік тасымалдаушылар, контрабандистер мен «сұр нарық» түгелдей иемденіп алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін депутат ел ішіндегі арзан дизельді шетелдік жүк көліктері жаппай пайдаланып жатқанын көтерген-тін. Әлемжеліде жарияланған әлгі мәселе көпшіліктің қолдауына ие болған еді. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, оған елдің түкпір-түкпірінен қарапайым азаматтар қоңырау шалып, жағдайдың шын мәнінде бұдан да күрделі екенін айтқан.
«Бүгінгі күні Қазақстандағы дизель бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Салдарынан біздің ел шетелдік тасымалдаушыларға арзан дизель ұсынатын алып жанармай стансасына айналды.
Шетелдік жүк көліктері Қазақстан аумағында сәләркіні ернеуіне дейін шүпілдетіп толтырып алып, артығымен алып кетеді. Алайда мәселе одан да тереңде жатыр.
Елдің оңтүстігіне, Жамбыл облысына, солтүстік, шығыс пен батыс шекаралас аймақтарына барып көріңіздерші. Сонда дизель мен бензиннің «карусельмен» (жанармайды заңсыз жолмен бір емес, бірнеше рет) шекара асырып жатқанын өз көзіңізбен көресіздер. Бұл миллиондаған литр жанармай, яғни миллиардтаған теңге», – дейді депутат.
Болатбек Әлиевтің айтуынша, қазіргі парадокс мынадай:
«Халыққа арналған арзан бағаның қызығын бүгінде шетелдік тасымалдаушылар, контрабандистер, көлеңкелі нарық көріп отыр. Бұл ма, бұл дегеніңіз Қазақстан өз ресурстарымен көрші елдердің бизнесін тікелей субсидиялап отыр деген сөз».
Депутат осы жағдайдан шығудың нақты жолын ұсынуда
Оның атап өткеніндей, жанармайға нарықтық баға қою керек. Ал әлеуметтік қолдауды халыққа жанармай бекетіндегі төлемнен кейін 2-3 күн ішінде кэшбэк арқылы қайтарып отыру қажет.
«Сонда ғана халыққа арналған көмек нақты қазақтардың қолына тиеді. Контрабанда кілт тоқтайды, көлеңкелі нарық көлемі азаяды, жанармайға деген жасанды сұраныс кемиді. Ел ішінде артық қор пайда болады. Ресми сауда мен салық түсімі көбейіп, миллиардтаған теңгенің көлеңкеден шығып, ашық нарыққа енуіне жол ашылады», – дейді Болатбек Әлиев.
Пікірінше, ең бастысы Қазақстан өзінің ресурстары арқылы өзгенің бизнесін субсидиялауын тоқтатады.
«Жанармай алғыларыңыз келсе, алыңыздар. Бірақ әлеуметтік пакетпен емес, нарықтық бағамен алыңыздар», – деп түйіндейді ол.
Бизнес демекші, 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен ForteBank капиталын күшейтіп, кредиттеу мүмкіндігін кеңейтетін жаңа кезеңге қадам басты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







