Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шегі айтарлықтай өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, жаңа шекті мөлшерлер мамыр айының соңына дейін ресми түрде жарияланады.
«Зейнетақы жинағын шешуге мүмкіндік беретін жеткіліктілік шегін көтереміз. Бірақ бұл қаражатты алуға толық тыйым салынады деген сөз емес. Жинақтарды шешуге рұқсат беріледі, тек оның көлемі азаюы керек.
Әр түрлі жас топтары бойынша, яғни 23-35 жас аралығы мен 35-63 жас аралығы үшін жеткіліктілік шегі 79%-ға дейін артуы мүмкін.
Қазір БЖЗҚ-мен бірлесіп есептеу формуласы мен толық механизмді дайындап жатырмыз. Айдың соңына дейін ресми жарияланып, кездесулер барысында бүге-шігесіне дейін түсіндіреміз», – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, соңғы бес жылда қазақстандықтар БЖЗҚ-дан жалпы көлемі 5 триллион 700 миллиард теңгені шешіп алған.
«Шешілген қаржының басым бөлігі несиені өтеуге жұмсалды. Әрине, банктер үшін бұл өте тиімді. Бірақ біздің министрліктің ұстанымы басқа: әр азамат зейнетақы қорында өзіне жеткілікті көлемде қаражат жинауы тиіс.
Жинақтаушы қордың басты мақсаты да азаматтардың қаржы жинақтауына көмектесу. Зейнет жасына жеткенде, сіз де, мен де жинаған ақшамыздың арқасында лайықты зейнетақы алуға тиіспіз.
Зейнетақымыз күнделікті қажеттіліктерімізді толық қамтамасыз етуге жететіндей болуы керек», – деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, Қазақстанда жеткіліктілік шегін есептеу әдісі де өзгеруі мүмкін. Бұрынғы стандартты есептеу тәсілінің орнына енді азаматтардың жасы, табысы, болашақ төлемдері мен демографиялық көрсеткіштерін есепке алатын актуарлық модельге көшу қарастырылып жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін біз еліміздегі банктердің депозит мөлшерлемесіне шолу жасап, тиімді шарт ұсынған екі банкті ерекше атап өткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







