Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге Ақтау қаласында салынып жатқан «112 Resort Aktau» демалыс базасының құрылысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысан Каспий теңізі жағалауында орналасқан. Жоба Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде еңбек ететін қызметкерлерге арналған заманауи демалыс және сауықтыру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Демалыс базасы аумағында капсулалық үйлер, абаттандырылған серуендеу аймақтары, спорт алаңдары, бассейндер, мәдени және корпоративтік іс-шара өткізуге арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар отбасылық демалыс пен белсенді бос уақыт өткізуге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.
Жауапты мамандар өңір басшысы мен министрге құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдерін, инфрақұрылымдық шешімдерді және жобаның алдағы даму жоспарын таныстырды. Құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау, азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлерінің сапалы демалысы мен сауығуына қолайлы орта қалыптастыру мәселелері назарға алынған.

Нұрдәулет Қилыбай мұндай әлеуметтік нысандар қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттырып, олардың жан-жақты демалуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Өңір басшысы Маңғыстауда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар алдағы уақытта да жүйелі түрде қолдау табатынын жеткізді.
«112 Resort Aktau» жобасы іске қосылғаннан кейін төтенше жағдайлар саласы қызметкерлері мен олардың отбасылары үшін Каспий жағалауында жайлы демалыс кеңістігі қалыптасады. Бұл бастама азаматтық қорғау жүйесінде жұмыс істейтін мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бір бөлігі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







