Жетісу облысында тау туризмін дамытуға бағытталған «Shagan Fest 2026» спорттық-экологиялық фестивалі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды шара Шаған тауының етегінде ұйымдастырылды. Фестиваль аясында белсенді демалысты ұнататын жүздеген адам мен спортшылар теңіз деңгейінен 2551 метр биіктіктегі Шаған шыңына жаппай көтерілді. Іс-шараны облыстық туризм басқармасы мен «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Жорық басталар алдында қатысушыларды Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады. Оның айтуынша, өңірде үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан фестиваль тау және экологиялық туризм мәдениетін дамытуға, адамның табиғатпен байланысын нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
«Shagan Fest» табиғат аясындағы белсенді демалыс қана емес, бірлік пен достықтың белгісі. Мұндай шараларға отбасымен қатысу ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады. Баршаңызға жаңа биіктерді бағындыруды, туған жердің сұлулығын тамашалап, табиғатты аялауды тілеймін», деді Марлен Көлбаев.
Фестивальдің басты нүктесі – Көксу ауданы Ақтекше ауылы маңындағы Шаған шыңы. Биіктігі 2551 метр болатын бұл бағыт өңірдегі ең көрікті треккинг маршруттарының бірі саналады. Жалпы қашықтық шамамен 13 шақырымды құрайды.

Маршрут ұзақ болғанымен, ұйымдастырушылардың айтуынша, салыстырмалы түрде қолжетімді. Оны тәжірибелі спортшылар ғана емес, белсенді демалысты ұнататын тұрғындар, балалар мен үлкен жастағы адамдар да бағындыра алады.
Фестивальге туристік ұйымдар мен клубтардың өкілдері белсенді қатысты. Атап айтқанда, «Истоки» туристік клубы мен «Джунгария» туристер клубынан 50-ден астам бала жорыққа шықты. Бұл балалар мен жасөспірімдердің табиғатқа жақын болып, туған өлкенің таулы аймақтарын танып өсуіне мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Shagan Fest 2026» Жетісудың табиғи мұрасын танытуға және ішкі туризмді дамытуға арналған маңызды жобалардың бірі екенін тағы дәлелдеді. Фестиваль белсенді демалысты қолдап қана қоймай, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық жауапкершілікті күшейтуге және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға үлес қосады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







