2026 жылғы 19-22 қазан аралығында Мәскеу қаласындағы М. И. Рудомино атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік шетел әдебиеті кітапханасында (ВГБИЛ) «Сохраняя прошлое — создаём будущее» («Өткенді сақтай отырып, болашақты жасаймыз») атты V Бүкілресейлік жас реставраторлардың кәсіби шеберлік байқауы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжаттық мұраны сақтау саласындағы жас мамандардың кәсіби білімі мен практикалық шеберлігін бағалауға бағытталған беделді байқауда «Ғылым ордасы» РМК қызметкері Сұлтанмұрат Амирдин бірінші орын иеленіп, екі апталық біліктілікті арттыру курсынан тегін өту мүмкіндігін жеңіп алды.
Бұл жетістік — жас маманның жеке табысы ғана емес, Қазақстанда жазба мұраны сақтау және реставрация саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың, ғылыми жобалардың, халықаралық тәжірибе алмасу мен кәсіби сабақтастықтың нақты нәтижесі.
Кәсіби зертхана мен халықаралық тәжірибе
Соңғы жылдары «Ғылым ордасында» реставрация және консервация саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи талаптарға сай жабдықталған реставрация және консервация зертханасының ашылуы, материалдық-техникалық базаның нығайтылуы, мамандарға қолайлы еңбек жағдайларының жасалуы, сондай-ақ қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау және реставрациялау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар кәсіби дамуға берік негіз қалады.
Аталған жетістікке қол жеткізуде BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми жобасының маңызы зор. Жоба аясында 2025 жылы «Ғылым ордасы» қызметкерлері Түркия Республикасының жетекші кітапхана және реставрация мекемелерінде кәсіби тағылымдамадан өтіп, қолжазбалар мен сирек кітаптарды консервациялау және реставрациялаудың заманауи әдістерін меңгеріп, халықаралық тәжірибемен танысты.
Кадр даярлау мәселесі және рухани мұра
Мұндай жетістіктің маңызы Қазақстандағы реставратор мамандарды даярлау мәселесімен де тығыз байланысты. Қазіргі таңда елімізде қолжазбалар мен сирек кітаптарды реставрациялау және консервациялау бойынша мамандарды арнайы жоғары білім беру бағдарламасы негізінде жүйелі даярлау жолға қойылмаған. Сондықтан тәжірибелі мамандардың тәлімгерлігі, халықаралық тағылымдамалар, кәсіби біліктілікті арттыру және ғылыми мекемелер арасындағы тәжірибе алмасу саланы дамытудағы маңызды тетіктер болып отыр.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» бастамасының рухани-мәдени мақсаттарымен де үндеседі. Өйткені кітапқа деген құрмет оны оқумен ғана шектелмейді. Ғасырлар қойнауынан жеткен қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, зерттеу, реставрациялау және келешек ұрпаққа жеткізу — ұлттың тарихи жадын, ғылыми танымын және рухани құндылықтарын сақтаудың маңызды бөлігі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







