Астрономдар Чилидегі Вера Рубин обсерваториясының көмегімен Плутон орбитасынан әлдеқайда алыс орналасқан жаңа ергежейлі ғаламшар үміткерін анықтады. Ғылыми ортада ED138 уақытша атауын алған алып аспан денесі Халықаралық астрономиялық одақ ресми бекітсе, Күн жүйесіндегі белгілі алтыншы ергежейлі ғаламшарға айналуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күтпеген жаңалық және алғашқы тексеріс
Аталған нысанды Гарвард-Смитсон астрофизика орталығының аға ғалымы Мэттью Холман анықтады. Ол 2026 жылдың басында обсерватория жинақтаған орасан мәліметтер қорын өзі әзірлеген арнайы бағдарламамен талдап, қозғалыстағы миллиардтаған белгілердің арасынан жаңа нысанды байқаған.
«Алғашқы әсерім таңданыс пен толқу аралас сенімсіздік болды. Мұндай нысандар өте сирек кездесетіндіктен, бағдарламадан немесе өзімнен қате кетті ме деп бірден қайта тексере бастадым», – деді Мэттью Холман.
Бақылау нәтижелерін нақтылау үшін Холман Вера Рубин жобасының жетекші ғалымы, Вашингтон университетінің профессоры Марио Юричпен бірігіп жұмыс істеді. Юрич обсерватория каталогынан 2026 жылғы наурыздан бергі аралықта түсірілген қосымша 20 деректі тапты. Кейіннен басқа телескоптардың архиві салыстырылып, жаңа нысанның 10 жылдық қозғалыс траекториясы қалпына келтірілді.
Алып көлем мен Күннен қашықтығы
Ғалымдардың алдын ала бағалауынша, ED138 нысанының диаметрі 600-ден 1500 шақырымға дейін жетеді. Мұндай ауқымды көлем оның өзіндік гравитациясы арқылы дөңгелек пішінге ие болуына жеткілікті. Бұл жайт оны қарапайым астероидтар мен тасты үйінділерден ерекшелеп, ергежейлі ғаламшарлар санатына қосуға мүмкіндік береді.
Қазір ол Күннен шамамен 46 астрономиялық бірлік қашықтықта орналасқан. Салыстыру үшін айтсақ, бір астрономиялық бірлік Жер мен Күннің арақашықтығына, яғни шамамен 150 миллион шақырымға тең. Егер бұл мәліметтер ресми расталса, ED138 бұған дейін мойындалған Церера, Плутон, Эрида, Хаумеа және Макемаке қатарына қосылады.
Неліктен осы уақытқа дейін байқалмады?
Жаңа ғаламшардың ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, нысан тек оңтүстік жартышар аспанынан анық көрінетіндіктен, солтүстікте орналасқан көптеген ірі телескоптар оны көре алмаған.
Екіншіден, соңғы 20 жыл бойы бұл ғарыш денесі Құс жолының миллиондаған жарық жұлдыздары тығыз шоғырланған бөлігінде баяу жылжыған. Жұлдыздардың қарқынды сәулесі қозғалыстағы көмескі нысанды жасырып келген. Чилидегі теңіз деңгейінен 2682 метр биіктікте орналасқан, әлемдегі ең үлкен цифрлық камерамен жабдықталған жаңа обсерватория ғана оны дөп басты.
Ресми мәртебе алу үшін уақыт қажет
Астрофизик Мэттью Холман ED138 әзірге үміткер мәртебесінде қала беретінін ескертті. Оның нақты пішіні мен массасын дәлелдеу үшін қосымша зерттеулер жүргізілуі шарт.
«Қазір біз оның алып екенін ғана білеміз. Физикалық сипаттамаларына қатысты қалған жайттар әзірге болжам күйінде. Нақты өлшемін толық анықтау үшін тағы бірнеше ай қажет», – деп атап өтті астрофизик.
Мамандар алдағы уақытта инфрақызыл телескоптарды қосып, ғарыш денесінен шағылысатын жылу мөлшерін өлшеуді көздеп отыр. Осы өлшемдер арқылы оның нақты беткі құрылымы, көлемі мен ергежейлі ғаламшар мәртебесі түпкілікті айқындалмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







