Қазақстан биыл Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету миссиясын атқаруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшы Айбар Олжайдыңайтуынша, еліміз бұл кезеңді тиімді пайдаланып, одаққа мүше мемлекеттердің ортақ игілігін арттыру жолында жүйелі жұмыстар атқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін нығайту қажеттігіне назар аударып келеді. Сондай-ақ, интеграциялық бірлестіктің басым бағыттарын айқындап, нақты міндеттер жүктеуде.
Оның ойынша, одақ шеңберінде өткізілетін саммиттер мен кездесулер барысында мемлекет басшылары маңызды жобалар бойынша жол карталарын пысықтап, үкіметаралық қаржыландыру тетіктерін келісіп, бірлескен бастамаларды жеделдетуге күш салуда. Алдағы уақытта бұл механизм жаңа сипатқа ие болады.
Себебі қазір әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Сондықтан уақыт талабынан қалыс қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО елдерінің экономикасына кеңінен енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты.
Сарапшының пікірінше, алдағы жылдардағы басты тақырыптардың бірі осы болады. Мұндай жүйелер сауда ағындарын жоспарлауға, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және баж салығының ықпалын тиімді бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сарапшы азаматтардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін жасанды шектеулерді азайту, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін қысқарту мәселелері де өзекті екенін атап өтті. ЕАЭО құрылғаннан бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған бірқатар құжат қабылданғанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер баршылық.
Осындай кедергілерді жедел анықтау үшін одақ елдерінің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ортақ экономикалық кеңістік аясында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
Ресеймен ынтымақтастықтың маңызына тоқталған сарапшының ойынша, Қазақстан үшін Ресеймен қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард АҚШ долларына жуықтап, Ресейдің Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі 20 пайыздан асқан.
Бұл бағыттағы басты міндет – сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар экспортты әртараптандыру, өңделген және шикізаттық емес тауарлар үлесін арттыру, ЕАЭО нарығына бағытталған бірлескен өндірістерді дамыту.
Сарапшының пікірінше, одақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды бірден түбегейлі өзгерте қоймайды. Дегенмен, саммит аясында қабылданатын ұзақ мерзімді жобалар мен бағдарламаларға негізделген маңызды шешімдердің нәтижесі болашақта халықтың тұрмыс сапасы мен қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына елеулі ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







