ҰБТ кезінде құқығы шектелді деп есептеген талапкер Ұлттық тестілеу орталығының комплаенс қызметіне шағымдана алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлер +7 (7172) 57 59 51 нөмірі арқылы хабарласып, өз шағымын жеткізе алады.
ҰТО комплаенс офицері Ғалымжан Мұхамедьяровтың айтуынша, тестілеу пунктілерінде бақылаудың бірнеше деңгейі енгізілген. Кіреберісте металл іздегіштер мен жеке тұлғаны тану жүйесі жұмыс істейді. Бұл бөгде адамның кіруіне және тыйым салынған заттарды алып өтуіне жол бермеуге бағытталған.
Аудиторияларда үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі. Барлық процесс Ахуалдық орталық арқылы бір мезетте қадағаланады.
Ұлттық тестілеу орталығының дерегінше, ҰБТ басталғалы бері 283 заң бұзушылық тіркелген. 168 адам кіреберістегі бақылаудан кейін тестілеуге жіберілмеген. Тағы 115 талапкер тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған.
Бейнебақылау жазбалары алты ай бойы талданады. ҰТО өкілдері тек талапкерлер ғана емес, орталық қызметкерлері де тексерілетінін хабарлады.
Ғалымжан Мұхамедьяровтың айтуынша, заңсыз көмек көрсеткен немесе ереже бұзған қызметкерлер қатаң жауапқа тартылады. Қажет жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







