Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде мерейтойлық Beu Fest фестивалі өтті. Бес жылдық белесін атап өткен жоба тағы да заманауи қазақстандық музыканың ең ірі алаңдарының бірі екенін көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осыдан бес жыл бұрын жастар аудиториясына арналған музыкалық жоба ретінде басталған Beu Fest бүгінде отандық шоу-бизнес пен креативті индустрияның маңызды брендіне айналды. Оның ерекшелігі – радио кеңістігіндегі танымал контентті мыңдаған адам жиналатын үлкен сахнаға шығара білуінде.
Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – әртүрлі музыкалық бағыттардың бір сахнада тоғысуы болды. Көрермендер алдында Ninety One, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, M’Dee, Ulukmanapo және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетті.
Фестиваль қазіргі қазақ музыкасының қандай бағытта дамып жатқанын да көрсетті. Бір жағында Q-pop пен хип-хоп, екінші жағында эстрада мен заманауи поп-музыка қатар ұсынылды. Бұл бүгінгі аудиторияның талғамы әлдеқайда кеңейгенін аңғартады.
Кештің ең есте қалған сәттерінің бірі – аты аңызға айналған Ghetto Dogs тобының сахнаға қайта оралуы болды. Бірнеше буынның жастық шағымен байланысты әндер орындалғанда мыңдаған адам бірге қосылып айтты.

Ұйымдастырушылар арнайы дайындалған коллаборациялар арқылы да көрерменді таңғалдырды. Shiza мен Жанар Дұғалованың бірлескен өнер көрсетуі фестивальдің ең көп талқыланған эпизодтарының біріне айналды. Ал Ulukmanapo мен Yenlik алғаш рет жаңа ортақ әнін орындап, көрерменге эксклюзивті премьера ұсынды.
Beu Fest-тің тағы бір маңызды қыры – жаңа есімдерді таныту миссиясы. Соңғы жылдары көптеген жас орындаушы дәл осы сахна арқылы кең аудиторияға жол тартты. Биыл SALSERI, DIDAR TOLEGEN, ASTRA, UMAY және Beckth & Tibo секілді жас өнерпаздар көпшілік алдына шықты.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай фестивальдер тек ойын-сауық шарасы ғана емес. Олар музыкалық индустрияны дамытатын, жаңа жұлдыздарды қалыптастыратын және мәдени экономиканың өсіміне ықпал ететін маңызды құралға айналып отыр.
Бес жыл ішінде Beu Fest жастардың музыкалық талғамын қалыптастыратын алаңнан ұлттық деңгейдегі мәдени брендке айналды. Биылғы мерейтойлық фестиваль де қазақстандық музыканың аудиториясы кеңейіп, сахнадағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







