Абай облысының әкімі Берік Уәли Президент тапсырмаларының орындалуы бойынша арнайы жиын өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға облыстық басқарма басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанын айтты. Кездесуде облыстың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері баяндалған.
Берік Уәлидің сөзінше, Президент өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берген. Облыс әкімі мұны барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі деп атады.
Оның айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң серпін көрсетіп отыр. Инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында нақты өсім бар.
Абай облысы 4,4 трлн теңгелік жобаларға кірісті
2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,9 трлн теңгеге жетті. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады.
Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсті. Өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында да оң динамика тіркелді.
Инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейді. Жобалардың жалпы құны 2,2 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін артты.
Өңірде бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – құны 577,5 млрд теңге болатын «Аягөз–Бақты» теміржол желісінің құрылысы.
Семей қаласында 714 млрд теңгеге жаңа жылу электр орталығын салу жобасы қолға алынған. Сонымен қатар инвестиция көлемі 255 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысы жоспарланған.
Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жұмысы да жүріп жатыр. Жоспарланған аумақта жалпы құны 400 млрд теңге болатын өндірістік жобалар іске асуы тиіс. Нәтижесінде 2500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Алакөл, Семей, Аягөз-Бақты
Қазіргі уақытта үш ірі жоба бойынша ұсыныс түскен. Алакөл туристік аймағын дамыту жұмысы да жалғасады. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 млрд теңге бөлінді.
Соның ішінде электр желілерін жүргізу және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 млрд теңге қарастырылған.
Өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту бағытында да бірқатар жоба бар. Сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй салу және жол инфрақұрылымын дамыту да негізгі міндеттердің қатарында тұр.
Мемлекет басшысы қабылдау барысында өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде өткізу міндеті қойылды.
Берік Уәли Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі өсім қарқынын сақтап қана қоймай, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







