Ұлытауды жеке облыс етіп құру әуелде әдемі естілгенімен, әсілі популистік сарыны басым шешім еді. Эмоция саябырсып, суық бұғалтерия басталғанда Үкімет экономикалық тұрғыдан мүгедек өңір құрып алғанын түсінді деп жазады Ertenmedia.kz.
Біздіңше Бектенов бастаған министрлер кабинеті Ұлытаудың тамырына қалай қан жүгіртерін білмей дал. Өңір талайдан бері дотациялық тұңғиықта жатыр. Қазақмыс сияқты корпорациядан өзге дербес экономикалық дрәйвері, өз-өзін ақтайтын инфрақұрылымы атымен, затымен жоқ.
Республикалық бюджеттен ұдайы субсидия сұрайтын, бірақ кері қайтарымы нөлге тең өңірді басқару стилі бір-бірінен аумайтын басшылармен кризистен алып шығу мүмкін емес.
Ақорда аймақты әдепкі әкімшілік схемамен басқаруды тоқтатпаса, облыс жақын жылдары Астананың мойнына мықтап тұрып мінеді. Әлбетте, үлкен үйдегі қауым осыдан төрт жыл бұрынғы шешімнің асығыстау болғанын мойындай қоймас, сондықтан Ұлытауды сүйреп жүруге мәжбүр.
Байқағанымыз, аймаққа саяси салмағы бар басшылардың мүлде аттап басқысы жоқ. Астанадағы ақ жағалылар Ұлытаудың кез келген мықты технократтың түбіне жететін депрессиялы өңір екенін әлдеқашан түсінген.
Алдыңғы екі әкімнің тағдыры осының айқын дәлелі ме дейміз. Билік бұған дейін аймаққа тарихи-рухани реңк бермек боп гуманитарды да жіберіп көрді, онысынан түк шықпады. Қазіргі әкімнен де Ұлытауды ұшпаққа шығарады деп күту аса үлкен аңғалдық. Есет Бәйкен Астананың әкімдігінен, орталық аппараттың сұр коридорынан өткен орта қол аппаратчик.
Астананың «майлы, жайлы» бюджетімен жұмыс істеу мен Ұлытаудың тоз-тозы шыққан реалиымен бетпе-бет келу екі бөлек әлем.
Елордадан келген бюрократ өзіне дейінгі әкімдердің тағдырын қайталап, әрі кетсе алты айдан кейін Бектеновтен сөз ести бастауы әбден мүмкін. Өлі органимзге жасанды демалу аппаратын қосып қойған Үкімет те Ұлытауға бөлінген әрбір тиынның босқа кетіп жатқанын біледі, бірақ мойындай алмайды.
Сонымен, Ұлытау эксперименті сәтті болды ма? Біздіңше бұл елдің әкімшілік-территориялық реформасының ең ауыр, тіпті биліктің іштей бармақ тістеп отырған трагедиясы іспетті.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







