Кәсіпкерді бірнеше POS-терминал ұстаудан құтқарады деген бірыңғай QR банктердің қалтасын қампайтудың көзіне айналыпты. Осындай уәж айтқан шағын бизнес өкілдері Мәдина Әбілқасымованы қызметтен босатуды талап етіп, петиция жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Хат авторының айтуынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы қарапайым халық пен кәсіпкерден гөрі коммерциялық банктердің мүддесін көбірек күйттеуде. Соның ішінде бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі кәсіпкердің иығына ауыр жүк болып мініп алған екен.
«Жаңа жүйе кәсіпкердің шығынын азайтады деп айтылғанмен, банктер төлем сомасының 1,5 пайызына дейін комиссия ұстай бастады. Табысы аз дүкендер мен шағын бизнес үшін әр төлемнің бір бөлігін банкке беру пайдадан қағылу деген сөз. Әрбірден соң мұның бәрі реформаның түпкі мәнін жоққа шығаруда», — дейді ашынған петиция авторлары.
Салдарынан кәсіпкерлер бірыңғай QR-дан қашып, әр банктің жеке терминалын сақтауға мәжбүр болып отыр. Петиция авторлары бірыңғай QR арқылы алынатын жиынтық комиссияны 0,5 пайыздан асырмауды талап етуде.
Микроқаржы ұйымдарының қарыз құлдығы
Коммерциялы банктер қатаң скоринг жүйесіне сүйеніп несие бермеген соң, азаматтар амалсыз МҚҰ-ға барып, аса жоғары пайызбен ақша ала бастаған.
«Осылай бір қарызын екіншісімен жабады. Сөйтіп, бітпейтін берешек шырмауына түседі. Әбілқасымова? Халықтың жаппай қарызға батуына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де жауапты! Реттеушінің қазіргі саясаты осы спиралді тоқтатпайды. Жұрттың шағын несие берушілердің торына түсіп, еселеп өсетін пайыздық қарыз батпағына батуы еліміздегі әлеуметтік шиеленісті шегіне жеткізеді», — дейді арыз иелері.
Мәдина Әбілқасымованы қызметінен босату петициядағы басты талап ретінде көрсетілген. Авторлардың пікірінше Қаржы нарығын реттеу агенттігі көптің құқығын қорғай алмай, халық пен бизнестің сенімінен айырылған. Микроқаржы ұйымдары бетімен кеткен, микрокредит мөлшерлемесіне ешкім шектеу қойғысы жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







