Кейінгі күндері атышулы Нұрбол Назарбаевтың төңірегіндегі кейс қайта талқыға түсуде. Мемлекет әулетке дем алуға да, уақыт ұтуға да бұдан былай 1 секунд та уақыт бермейтінін ұқтырды деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы тұста экс-елбасының немере інісіне қатысты соңғы сот процесінің астарына үңіліп, мәселені барынша ұғынықты нақышта тарқатып беруге тырысайық. Сонымен…
Нұрбол ма, Нұрбол Активтерді қайтару комитетіне 63,7 млрд теңгеден астам қарызы бар екенін мойындай отырып, сотқа «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» (банкроттықтың баламасы, қарызды 5 жылға созып бөліп төлеу) процедурасын қолдануды өтініп арыз түсірген.
Алайда, Алматы облысы Қарасай аудандық соты да, кейін осы шешімнің үстінен қараған апелляциялық сот та өтінішті кері қайтарған. Неге?
Бас прокуратура Назарбаевтың бұған дейін де осындай арызбен бірнеше рет (2025 жылдың күзінде, 2026 жылдың ақпан-наурызында) сотқа жүгінгенін алға тартып отыр. Әлгі әрекетті «әлдеқашан күшіне енген сот шешімін айналып өтіп, мемлекетке қайтуы тиіс активтерді беруді барынша созу айласы» деп бағалауда.
Сотта Нұрбол өз атында емес, серіктестері мен «үшінші тұлғалардың» атына рәсімделген қымбат активі бар екенін, солар арқылы қарызды жабуға дайын екенін айтқан. Алайда сот Нұрболдың мұны растайтын нақты дәлел бермегенін, коммерциялық жылжымайтын мүліктен түсетін табысы, дивидендтері, депозиттері мен отбасылық шығындары туралы толық ақпаратты жасырып қалғанын анықтаған. Ал қарыздың құрамы қандай өзі?
Нұрбол Назарбаевтың үстінен қозғалған атқарушылық өндірістің жалпы сомасы 63,7 миллиард теңгені құрайды:
- 61,8 миллиард теңгеден астамы — Активтерді қайтару комитетінің пайдасына (мемлекет кірісіне) өндірілуі тиіс негізгі қарыз бен айыппұлдар.
- 1,6 миллиард теңгеден астам мемлекеттік баж салығы.
- Қалғаны жекеменшік серіктестік алдындағы шағын берешектер.
«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» бабын қалқан еткен Назарбаев қарызды төлеуді кейінге қалдырмақ болған, сөйтіп бұйрықтың орындалуын жылдарға созып жібергісі келген. Қулық-сұмдықты сезіп қойған сот ескі кланның мұрагеріне кеңшілік жасаған жоқ.
Болат Назарбаевтың тұсында феодалдық жолмен жиналған байлық (63,7 миллиард теңге) бұйырса, соңғы тиынына дейін бюджетке құйылады деген үміт бар.
Айта кетелік, Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Бөкеңнің өзі өмірден өткенмен, отбасының активі ыдырай қоймаған еді. Бөкеңнің артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







