Бірнеше банк пен микроқаржы ұйымына қарыз болып, әрқайсысымен жеке келісуге шамасы жетпей жүрген азаматтарға ортақ төлем кестесі ұсынылмақ. Жаңа жүйе алғашқы кезеңде 350 мыңға жуық проблемалық қарыз алушыны қамтуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк, микроқаржы және сақтандыру саласындағы дауларды бір жерден шешетін бірыңғай қаржы омбудсманы қызметін құрады. Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Агенттік өкілі Александр Терентьевтің айтуынша, омбудсман борышкердің тек ресми табысына немесе қарыз көлеміне қарап шешім шығармайды. Азаматтың отбасы жағдайы, мүлкі, әлеуметтік төлемі мен нақты тұрмыс ахуалы да ескеріледі.
Омбудсман жанынан қоғамдық бірлестік өкілдері қатысатын арнайы алаң құрылады. Онда банктер, микроқаржы ұйымдары және қарыз алушы проблемалық берешекті реттеудің ортақ жолын іздейді.
Қазақстанда 1 шілдеден бастап finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы да іске қосылды. Сервис бірнеше кредиторға бірдей қарызы бар адамға әр банкке жеке-жеке бармай, «бір терезе» қағидаты арқылы ортақ келісім жасауға мүмкіндік береді.
Қарыз алушы платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Жүйе оның мәліметін кредиттік бюро арқылы автоматты түрде тексереді. Бағдарлама талаптарына сай келген жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары берешек сомасын растап, азаматқа бірыңғай төлем кестесін ұсынады.
Құжатқа қол қоюға 72 сағат беріледі
Келісім күшіне енген соң кредиторлар қарызды өндіріп алу шарасын тоқтатады. Қарыз алушы ай сайын бір төлем жасап, платформа ақшаны берешек көлеміне қарай кредиторлар арасында өзі бөледі.
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиесі 90 күннен артық кешіктірілуі керек. Қарызы кемінде екі кредитордың алдында болып, жалпы берешек көлемі 150-ден 1600 айлық есептік көрсеткішке дейін болуы шарт. 2026 жылғы есеппен бұл 648 мыңнан 6,9 миллион теңгеге дейінгі аралық.
Қарыз бойынша сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе атқарушылық іс жүргізу болмауы тиіс.
Жаңа тәртіп несие кешіріледі дегенді білдірмейді. Азамат қарызын толық өтейді, алайда бірнеше төлемнің орнына қаржылық мүмкіндігіне бейімделген ортақ кестеге көшеді. Келісімнен кейін төлем 40 күннен артық кешіктірілсе, банктер өндіріп алу шарасын қайта бастай алады. Мұндай жағдайда қарыз алушы платформа көмегіне екінші рет жүгіне алмайды.
Жүйе кепілмен алынған несиеге, кәсіпкерлік қарызға және алаяқтық жолмен рәсімделген кредитке қолданылмайды. Медиациялық келісім жасалған, төлем қабілетін қалпына келтіру немесе банкроттық рәсімі басталған берешек те бағдарламаға кірмейді.
Алматының өзінде 10 мыңға жуық адамның 8,6 миллиард теңге мерзімі өткен берешегі бар екен. Жоба нәтиже берсе, агенттік оны өзге өңірге де таратуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







