Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген әйелге қол көтеруді еркектік санайтындарға ауыр сөз айтты. Өнер иесі жұдырығы әлсізге ғана жүретін адамның өзін азамат атауға моральдық құқығы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Димаш Құдайберген өткір пікірін Threads желісіндегі ресми парақшасында жариялады. Әншінің ашуына әйелді ұрып-соғуды қалыпты әрекет санап, онысымен мақтанатын еркектердің мінезі тиген.
«Әйелді ұрып, сонысын мақтан тұтатындар, өздеріңді қалай еркекпіз деп атайсыңдар?! Жұдырықтарың әйелге ғана көтерілетін болса, сендер еркек емессіңдер. Малсыңдар, болды!» – деп жазды Димаш.
Әнші әйелге қарсы күш қолдану адамгершілікке мүлде сыймайтынын қадап айтты. Оның пікірінше, әлсізді басыну арқылы бедел жинауға ұмтылу – адамдық қадір-қасиеттің ең төменгі шегі.
Димаштың қысқа да кесімді жазбасы желіде қызу талқыға түсті. Оқырмандардың басым бөлігі әншінің ұстанымын қолдап, әйелге қол көтеруді ешбір себеппен ақтауға болмайтынын жазып жатыр.
Өнер иесінің мәлімдемесі елде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше ауыр оқиға қоғамды дүр сілкіндірген тұста жарияланды.
Алматы және Жамбыл облыстарында жас әйелдердің қазасына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Марқұмдардың туыстары мен жақындары қайғылы жағдайға дейін отбасында күш қолданылғанын мәлімдеген. Құқық қорғау органдары айтылған жайттарды тергеу аясында тексеруде.
Бұған дейін Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы да әйелге қол көтеру ерлік емес екенін айтып, ер адамның күші жұдырығында емес, ашуын жеңіп, отбасына қорған бола білуінде екенін мәлімдеген еді.
Димаш Құдайбергеннің сөзі қоғамдағы үнсіздікті бұзған кезекті қатаң үндеуге айналды. Әнші әйелге күш көрсетуді «отбасылық мәселе» деп бүркемелеуге де, еркектік мінезге балауға да жол қалдырмады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







