Халық партиясының бұрынғы төрағасы, атышулы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді. Ол мұндай шешімді НПК Құрылтай сайлауындағы 5 пайыздық межеден өте алмағаннан кейін қабылдаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымның осы кезеңі аяқталды деп санаймын. Бізге дауыс берген, сайлау науқанында еңбек еткен, үгіт жүргізген, пікірталасқа қатысып, бағдарламамызды қорғаған және бізге сенген барша азаматқа зор алғыс айтамын», – деді Ертісбаев.
Айтуынша, сайлау науқанында Халық партиясы «қазақстандық социализм» идеясын ұсынған. Партия әлеуметтік әділдік, еңбек адамының құқығын қорғау, қолжетімді медицина мен білім, лайықты қарттық және ұлттық байлықты әділ бөлу мәселесін көтерген.
Алайда аталған бағдарлама сайлаушылар тарапынан партия күткендей кең қолдау таппады. Ертісбаев мұны ашық мойындап, «қазақстандық социализм» идеясының тығырыққа тірелгеніне қынжылыс білдірді.
«Демек, не қоғам әзірге осы идеяға дайын емес, не біз оны жеткілікті дәрежеде нанымды түсіндіре алмадық. Мүмкін, екі себеп те әсер еткен шығар», – деді Ертісбаев.
Саясаткер Құрылтай депутаттарын сайлау нәтижелері бойынша да мәлімдеме жасап, партияның ресми нәтижесін — 3%-дан астам дауысты — мойындады және ҚХП-ның қазіргі басшылығын толықтай қолдайтынын білдірді.
Ол енді ішкі саясаттан біртіндеп шегініп, халықаралық қатынастарды талдауға ден қоймақ. Сонымен қатар ол өткен дәуірдегі саяси шешімдердің бүгінгі өмірге қалай ықпал еткенін талдайтын көлемді тарихи цикл бастайтынын хабарлады.
Ертісбаевтың өмір жолының елеулі бөлігі Назарбаев дәуірімен сабақтас. Ол бірнеше мәрте экс-елбасының кеңесшісі болды, АП-ның қоғамдық-саяси бөлімін басқарды. 2006–2008 жылдары Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







