Журналист, жазушы Бигелді Ғабдуллин қазақ қоғамын өткеннің қасіретіне байланып қалмай, тарихи жадты болашаққа бастайтын қуатқа айналдыруға шақырды. Оның пайымынша, Қазақстанға енді азапты дәріптейтін сарыннан гөрі жасампаздықты, сенім мен ұлттық өз қадірін алға шығаратын жаңа қоғамдық мінез қажет, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғабдуллин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі күндері айтқан екі пікіріне назар аударған. Біріншісі ер адамдардың кездескенде құшақтасып, сүйісу әдетіне және мұндай әрекеттің әскери формадағы азаматтарға жараспайтынына қатысты болса, екіншісі қазақ қоғамы мен шығармашылық ортадағы бітпейтін мұң сарыны жөнінде еді.
Журналистің пікірінше, бір-бірінен алшақ көрінетін осы екі мәселені қазіргі қазақстандықтың болмысын қалыптастыру идеясы біріктіреді.
Әдеп музейде емес, күнделікті өмірде көрінуі керек
Ғабдуллин дәстүрді өткен заманнан қалған жәдігер емес, адамның күнделікті жүріс-тұрысын қалыптастыратын тірі құндылық деп түсіндіреді. Үлкенге қалай сәлем беру, адаммен қалай тілдесу, ортада өзін қалай ұстау керектігі ұлттық тәрбиенің өзегіне жатады.
Қазақ ұғымындағы сәлемдесу құр рәсім болмаған. Оның астарында адамға деген құрметпен бірге әдеп, ізет, ұстамдылық пен кісілік жатқан.
«Жасанды интеллектіні пайдаланып жүріп те ақсақалмен қалай амандасу керектігін білуге болады. XXI ғасырда өмір сүріп, әдептің не екенін ұмытпауға болады. Заманауи адам болып, шынайы қазақ қалпында қалуға болады», – дейді журналист.
Оның сөзінше, жаһандану жаңа технология мен білімді игеруді талап еткенімен, сырттан келген әрбір мінез-құлық үлгісін талғамсыз қабылдау дегенді білдірмейді. Замана көшіне ілесу мен ұлттық болмысты сақтау бір-біріне қайшы ұғым емес.
Тарихи жад пен тарихи мұңның арасы бөлек
Журналист Тоқаевтың ұлттық мұң туралы пікірін әлдеқайда терең мәселе деп бағалайды. Қазақ халқы соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін, босқыншылық пен адам шығынына толы ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Мұндай қасіретті ұмытуға болмайды.
Алайда Ғабдуллин тарихи жад пен тарихи торығуды шатастырмауға шақырды. Өткенді білу халыққа жігер беріп, тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің қадірін ұғындыруға тиіс.
Әр буынның санасына тек өкпе, жеңіліс пен мәңгілік әділетсіздік сезімін сіңіре беру қоғамның жүзін болашақтан өткенге бұрады. Журналист мұндай құбылысты қауіпті деп санайды.
«Тарихты өмір бойы біреуге есеп ұсыну үшін емес, тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің бағасын түсініп, бұрынғы қателіктерді қайталамау үшін білу керек. Тарих берік іргетас болуы тиіс, аяққа оралған зәкірге айналмауы керек», – деп жазды ол.
Ұлттық жараны ұлттық диагнозға айналдырмау қажет
Ғабдуллин қоғамдық санаға ықпал ететін жазушылар, ақындар, журналистер мен тарихшылардың жауапкершілігіне ерекше тоқталған. Оның байқауынша, қазақ қоғамында жекелеген тарихи жараны тұтас ұлттың жазылмас дертіне айналдырып жіберу бейімі бар.
Қаламгерлер өткен қасіретті қайта-қайта баяндауға келгенде тосылмайды. Ал елдің қол жеткізген жетістігін, алда атқарар ісін және келешекке деген сенімін суреттеуге келгенде қаламның қарымы бәсеңдейді.
Журналистің пікірінше, ұлттық мұңнан арылу тарихты ұмытуға, қасіретті жасыруға немесе өткенді қайта жазуға шақыру емес. Әңгіме тарихи тәжірибені құр өкпе мен дәрменсіздікке емес, ертеңгі күнге қызмет ететін күшке айналдыру жөнінде болып отыр.
Әдебиет өткенді ғана жоқтамауы керек
Ғабдуллин әдебиет оқырманды үнемі өткенге сүйреп, қасірет құрсауында ұстап отыруға міндетті емес деп есептейді. Оның тағы бір биік мұраты – қиын сәтте адамға жарық сәуле көрсетіп, үміт ұялату.
«Жазушы ата-бабамыздың қалай қиналғанын ғана емес, олардың не үшін аман қалғанын да көрсетуі керек. Қасіретті өткенді ғана баяндап қоймай, әлі жазылмаған болашақты елестетуі қажет. Мұңды ғана емес, үмітті де айтуы тиіс», – деді Ғабдуллин.
Қазақстан жүз немесе екі жүз жыл бұрынғы күйінде қалған жоқ. Елдің дербес мемлекеті, дипломатиялық мектебі, экономикасы, жаңа қалалары, инфрақұрылымы мен білімді жастары бар. Мемлекет халықаралық саясаттан да өз орнын айқындап келеді.
Елдегі қордаланған мәселе аз емес. Алайда тек түйткілге үңіле берген қоғам өзінің мүмкіндігін көрмей қалуы мүмкін.
Қазақстанға қасірет емес, жасампаздық культі керек
Журналист үмітті әрекетсіз жұбанышпен теңестіруге болмайтынын ескертеді. Шынайы үміт еңбек пен жауапкершілікті талап етеді.
Ел болашағы үшін құрылыс салып, білім алып, пікір таластырып, өнім өндіру, бәсекеге түсу, бала тәрбиелеу, салмақты кітап жазу, қуатты кино түсіру, ғылым мен кәсіпкерлікті дамыту қажет. Әр азамат күн сайын өз ісін кешегіден тәуір атқаруға ұмтылғанда ғана ұлттық үміт нақты күшке айналады.
«Қазақстанға қасірет культі емес, жасампаздық культі керек. Өткенді ұмыту емес, тарихи тәжірибені болашақтың қуатына айналдыру қажет. Әлем алдында жасқану емес, өз болмысы мен қадірін байыппен сезіну керек», – деп түйіндеді автор.
Ғабдуллин Президенттің кейінгі мәлімдемелерін жекелеген ақыл-кеңес емес, елдің жаңа қоғамдық мінезі жөніндегі кең әңгіме ретінде қабылдаған. Оның өзегі – өткенді құрметтеу, ұлттық мәдениет пен болмысты сақтау, бірақ кешегі күннің көлеңкесінде қалып қоймау.
Журналистің айтуынша, үнемі артына жалтақтай берген ел болашақтың өтіп кеткенін кеш аңғаруы мүмкін. Сондықтан Қазақстанға ендігі жерде қорқыныш пен төменшіктеуден ада, мұңға маталмаған сергек сана қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







