Бостандық ауданында келесі жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өтінім қабылдау тамыз айының соңында басталып, қыркүйектің ортасына дейін жалғасады. Тұрғындар аула, көше және қоғамдық кеңістікті жаңартуға бағытталған жобаларын ұсынып, аудан бюджетінің қайда жұмсалатынына тікелей ықпал ете алады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының жүзеге асырылып келе жатқанына биыл алты жыл толды. Оның ережесі 2019 жылы бекітіліп, 2020 жылдан бастап нақты іске қосылды. Содан бері алматылықтар өз ауласын, көшесін және қоғамдық кеңістікті абаттандыруға қатысты бастама көтеріп, үздік жобаларды дауыс беру арқылы анықтап келеді.
Бағдарламаның басты ерекшелігі тұрғындарға қай мәселені бірінші кезекте шешу керегін өздері ұсынуға мүмкіндік береді. Өтінімдер budget.open-almaty.kz сайты арқылы қабылданады. Жоба аясында ауланы жөндеу, аумақты абаттандыру, жарықтандыру жүйесін орнату, шатырды қалпына келтіру және өзге де жұмыстарды ұсынуға болады.
Қатысу тәртібі арнайы сайтта толық көрсетілген. Өтінім рәсімдеу кезінде қиындық туындаса, мамандар жобаны дайындау жолын кезең-кезеңімен түсіндіріп, қажетті көмек көрсетеді. Құжаттың дұрыс толтырылуы бастаманың сараптама кезеңіне өтуіне тікелей әсер етеді.
Жобаның жеңіске жетуінде тұрғындардың дауысы шешуші рөл атқарады. Ең көп қолдау жинаған ұсыныс басымдыққа ие болады. Егер бір үйдегі тұрғын саны жеткіліксіз болса, жоба авторы көрші үйлер мен бүкіл шағын аудан тұрғындарын дауыс беруге тарта алады.
Алайда көп дауыс жинау жобаның міндетті түрде жүзеге асатынын білдірмейді. Ұсыныстың техникалық мүмкіндігі мен қаржылық сметасы да мұқият тексеріледі. Құрылыс және абаттандыру жұмыстарына қажетті материалдар мен жабдықтардың бекітілген құны арнайы ABC жүйесінде көрсетілгендіктен, автор сметаға қалаған бағасын енгізе алмайды.
Жоба келіп түскен соң мамандар ұсынылған аумаққа барып, атқарылуға тиіс жұмысты анықтайды. Сарапшылар қажетті материалды, жұмыс түрін, ақау мен инфрақұрылымдық мәселені тіркейді. Жиналған дерек негізінде смета жасалып, ABC жүйесіне енгізіледі де, жобаның нақты құны есептеледі.
Келесі кезеңде ашық конкурс өткізіледі. Белгіленген талаптарға сай ең төмен баға ұсынған мердігер жеңімпаз атанады. Алайда компанияның жұмыс жоспары жоба авторы ұсынған бастапқы тұжырымдама мен техникалық сипаттамаға толық сәйкес келуге тиіс.

Орындалған жұмыстың сапасына да қатаң бақылау қойылады. Жоба авторы нысанның техникалық қадағалауына қатысып, мердігер қолданған материал мен орнатылған жабдықтың талапқа сәйкестігін тексере алады. Сапасыз материал немесе техникалық сипаттамаға сай келмейтін нысан анықталса, мердігерге қатысты тиісті шара қабылданады.
Орнатылған нысан мен атқарылған жұмысқа екі жылдық кепілдік беріледі. Осы мерзімде ақау табылса, мердігер компаниядан оны түзету және келісімшарттағы міндетін орындау талап етіледі. Компания жауапкершіліктен жалтарған жағдайда мәселе сот тәртібімен шешіледі.
13 жоба жүзеге асуда
Жобаларды конкурсқа жіберер алдында сараптамалық комиссия қарайды. Ұсыныс қаланың даму жоспарына сәйкес келмесе, қанша дауыс жинағанына қарамастан келесі кезеңге өтпеуі мүмкін. Комиссия құрамына қоғамдық ұйым өкілдері, әкімдік қызметкерлері, депутаттар және мүдделі мемлекеттік органдардың мамандары кіреді.
Биыл Бостандық ауданында «Халық қатысатын бюджет» аясында 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық жаңа қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру мен қараусыз қалған аумақтарды қайта жандандыруға берілген. Жобалар тұрғындардың күнделікті тұрмысына әсер ететін нақты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған.
№37 емхана мен №215 мектеп арасындағы Радостовец көшесінде құрылыс жұмыстарынан кейін толық қалпына келтірілмеген аумақ абаттандырылып жатыр. Мұнда жаяу жүргіншілер аймағы мен балалар ойын алаңы салынып, жарықтандыру жүйесі орнатылады. Жоба емхана мен мектепке қатынайтын тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Дулати көшесіндегі мешіт маңын ретке келтіру жұмысы да бағдарламаға енгізілген. Асқаров және Саин көшелерінің бойындағы ретсіз орналасқан гүлзарлар қайта жоспарланып, аумақтың сәулеттік келбеті жақсартылады. Қоғамдық кеңістікті жаңарту кезінде жаяу жүргіншілерге қолайлылық пен көгалдандыру сапасына басымдық берілген.
Үлкен Алматы өзенінің жоғары бөлігіндегі инфрақұрылымды жақсарту да тұрғындар көтерген маңызды бастаманың бірі болды. Бұған дейін аумақта жүйелі абаттандыру жүргізілмей, өзен арқылы өтетін көпірдің аздығы жергілікті халыққа қиындық туғызған. Жоба аясында мәселені шешу үшін төрт көпір салынды.
Енді өз аумағындағы түйткілді шешкісі келетін тұрғындарға жобаны алдын ала ойластырып, көршілерімен ақылдасып, ұсынысын әзірлеу қажет. Бастамада нақты мәселе, оны шешу жолы және тұрғындарға берер пайдасы айқын көрсетілгені жөн. Белсенділік танытқан қауым ғана аудан бюджетінің бағытын өзгертіп, өз ауласының келбетін жаңарта алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







