Халықаралық беделді S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның банк саласына қатысты маңызды шешім қабылдап, қаржы секторының тәуекел бағалауын (BICRA) 6-деңгейге дейін жақсартты. Бұған қоса, елдің экономикалық тәуекел тренді «тұрақтыдан» «позитивтіге» ауыстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл не шешім, оның артында не тұр және қарапайым халыққа қандай пайдасы бар? Бірге тарқатып көрейік.
BICRA және S&P бағалауы деген не нәрсе?
BICRA (Banking Industry Country Risk Assessment) бұл халықаралық сарапшылардың белгілі бір елдегі бүкіл банк жүйесіне беретін жалпы қауіпсіздік «диагнозы».
Мұнда жеке бір ғана банк емес, мемлекеттегі барлық қаржы институтының қаншалықты сенімді жұмыс істеп жатқаны, дағдарысқа төтеп беру қабілеті және реттеуші органның бақылау деңгейі бағаланады.
Бұл шкалада сан неғұрлым төмен болса банктердің жағдайы соғұрлым сенімді деген сөз. S&P біздің салалық тәуекел бағасын 7-ден 6-ға түсірді (яғни жағдайды жақсартты). Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы банктерді қадағалау мен реттеу жүйесі біздің өңірдегі көршілес елдерге Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжанға қарағанда көш ілгері әрі тиімді жолға қойылған.
Қарапайым мысалмен түсіндіргенде
Елестетіп көріңіз, елдегі банктер бұл үлкен тасжолдағы автокөліктер, ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қатал, бірақ әділ жол полициясы.
Бұрын кейбір көліктер жылдамдықты шамадан тыс асырып (халыққа оңды-солды, ойланбай несие таратып), техникалық жағдайын тексертпей (активтер сапасына қарамай) жүре беретін. Соның салдарынан бұрын елімізде ірі банктердің күйреуі (банкрот болуы) мен оларды бюджет есебінен құтқару жиі болатын.
Ал соңғы 4-5 жылда «жол полициясы» тәртіпті қатаңдатты. Банктерге тұрақты «техосмотр» жасады (активтер сапасын бағалау AQR), төтенше жағдайларға сынақ өткізді (стресс-тестілеу) және қауіпті тұтынушылық несиелерге шектеу қойды. Нәтижесінде жолдағы апат қаупі едәуір азайды. S&P халықаралық агенттігі міне осы тәртіп пен сапаны жоғары бағалап отыр.
Нақты қандай банктердің көрсеткіші өсті?
Бұл жаңалық бірқатар отандық банктерге бірден оң әсерін тигізді:
-
Банк ЦентрКредит: халықаралық рейтингі «BB» деңгейінен «BB+» деңгейіне дейін көтерілді;
-
Halyk Bank: рейтинг болжамы «Позитивті» деп өзгертілді;
-
Нұрбанк және Freedom тобы: олардың да алдағы бағыты «Позитивті» деп бағаланды;
-
Сондай-ақ бірқатар қаржы ұйымының ұлттық шкала бойынша рейтингтері көтерілді.
Бұдан кім ұтады, кім ұтылады?
Кім ұтады?
-
Тәртіпке бағынған банктер: Өз капиталын нығайтып, қауіпті азайтуға күш салған банктер халықаралық нарықта үлкен сенімге ие болады. Олар шетелден арзанырақ қаржы тарта алады.
-
Мемлекет және реттеуші (ҚНРДА): Жылдар бойы көзге көрінбей, баспасөз мәлімдемелерінің тасасында атқарылған құнтты жұмыс нақты, өлшенетін институционалдық жеңіске айналды. Мемлекет банктерді салық төлеушілердің ақшасына құтқару қаупінен арылып келеді.
Кім ұтылады (немесе кімге сабақ болуы керек)?
-
Оңай пайданы көздеген қаржы ұйымдары: «Бөрікті аспанға атуға» әлі барлық банкке ерте. Кейбір банктер реттеушінің ұсыныстарына әлі де құлықсыз қарап отыр, сол себепті жалпы елдік ортақ топ әлі де 7-деңгейде тұр. Тәуекелдерін дұрыс басқармаған, тек жоғары пайызды тұтынушылық несиелерге арқа сүйеген банктер енді өз саясатын өзгертуге мәжбүр болады.
Қарапайым азаматқа бұл қалай әсер етеді?
Көптеген адамдар үшін «рейтинг», «S&P», «SREP» деген сөздер тым бұлдыр көрінуі мүмкін. Бірақ бұл тікелей сіздің қалтаңызға байланысты:
-
Депозиттегі ақшаңыз қауіпсіз: Банктердің бақылауы күшейген сайын олардың банкрот болу ықтималдығы күрт төмендейді. Демек, жиған-терген ақшаңыздың жоғалу қаупі сейіле түседі.
-
Қаржы жүйесінің тұрақтылығы: Күні кеше ғана Қазақстанның тәуелсіз суверен инвестициялық рейтингі BBB- деңгейінен BBB-ге өскен болатын. Енді банк секторының да қауіпсіздігі артты. Бұл шетелдік инвесторлардың елге сенімін арттырып, ұлттық валюта мен экономиканың тұрақтылығына тікелей оң әсер етеді.
-
Несие нарығының өркениетті дамуы: Банктер тек кепілсіз микронесие беріп халықты қарызға батырмай, өндірістік және бизнестік жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыруға бет бұра бастайды.
Қазақстанның банк жүйесі жылдар бойғы реформалардың арқасында «науқас» жағдайдан толық арылып, халықаралық сарапшылар сенім артатын сауатты әрі берік жүйеге айналып келеді. Ендігі басты міндет осы жетістікті баянды етіп, өзге банктердің де ортақ тәртіпке бейімделуі.
Ескерту: экономист Расұл Рысмамбетовтің талдауы негізінде әзірленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







