Марат Сұлтанғазиевтің Алматы облысындағы қызметіне сырттай баға бергенде, жұрт көбіне салынған нысандар мен тартылған инвестицияны көреді. Алайда оның басқару моделінің өзегінде қаржылық тәртіп, заңға сүйену және ықпалды топтардың қысымына регламент арқылы төтеп беру қабілеті жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматының іргесіндегі ірі облысты басқару қай кезде де күрделі міндет саналады. Жер, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тоғысқан өңірде әр топтың жеке мүддесі болатыны жасырын емес. Осындай ортада әкімнің кімге есік ашып, кімнің талабына тоқтау салатыны оның саяси салмағын айқындайды.
Марат Елеусізұлының басты ерекшелігі де осындай тұста байқалды. Ол қызметтік шешімді жеке таныстыққа немесе біреудің атақ-абыройына қарай бейімдеуден гөрі мемлекеттік регламентке сүйенуді жөн көрді. Заң шеңберінен шықпай әрекет етуі кейбір ықпалды адамдарға ұнамауы мүмкін, бірақ әкімді саяси және құқықтық тұрғыдан қорғайтын сауатты иммунитет дәл осылай қалыптасады.
Мүддесі таудай, танысы одан да көп адамдарды жалғыз әкімнің беделімен тоқтату қиын. Мұндайда қызметтік регламент, бюджет тәртібі және құжатпен бекітілген шешім ғана мемлекеттік аппараттың қалқанына айналады. Сұлтанғазиев осы механизмді жақсы меңгеріп, кім көрінгенге бас шұлғи бермейтін басқару мәнерін қалыптастырды.
Оның бұл қасиеті кездейсоқ пайда болған жоқ. Марат Сұлтанғазиев еңбек жолын салық органдарында бастап, Қаржы министрлігінде департамент басқарды, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жетекшілік етті және Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг құрылымында жұмыс істеді. Кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы және қаржы вице-министрі қызметтерін атқарды.
Салық көлемі 34,5 пайызға өсті
Ресми өмірбаянында оның экономист-қаржыгер, заңгер және іскерлік әкімшілендіру магистрі екені көрсетілген. Сондықтан облысты басқарғанда бюджетке жай ғана шығындар тізімі ретінде қарамай, кіріс көзі, салық базасы және инвестициялық қайтарымы бар қаржы жүйесі ретінде қабылдады. [Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған дерек](https: //kgd. gov. kz/kk/news/marat-sultangaziev-memlekettik-kirister-komitetinin-toragasy-bolyp-tagayyndaldy-1-33566) оның кәсіби жолы салықтық әкімшілендіру мен әлеуметтік-экономикалық мониторинг мектебінде қалыптасқанын растайды.
Қаржы саласынан өткен маман бюджет қаржысының қайдан келіп, қайда жұмсалатынын жақсы біледі. Ол салық түсімін көбейтпей шығысты шексіз ұлғайтудың қауіпті екенін де, орындалмаған жобаның артында экономикалық шығын жататынын да түсінеді. Сондықтан Сұлтанғазиевтің әкім ретіндегі есебі көрсеткіштерді тізуге ғана емес, экономикалық негіз бен қаржылық нәтижені көрсетуге құрылатын.
Оның тұсында Алматы облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндер саны 261 мың адамға жетті. 2025 жылдың алғашқы жартысында осы сектордан түскен салық көлемі 34, 5 пайыз өсіп, 150, 6 миллиард теңгені құрады. Үш жыл ішінде өңірге салынған инвестиция 60 пайыз ұлғайып, жиынтық көлемі 2,4 триллион теңгеге жеткені көрсетілген.
Аталған көрсеткіштер қаржы жүйесін білетін әкімнің ерекшелігін аңғартады. Ол бюджет қаржысын бөлумен шектелмей, ертең сол бюджетке кіріс әкелетін кәсіпорындар мен өндірістік алаңдардың негізін қалыптастыруға күш салды. Өңірдің инвестициялық қоржынына жалпы құны 6, 3 триллион теңге болатын 229 жоба енгізілуі осы ұстанымның ауқымын көрсетеді.
Қытайға ең көп барған әкім
Сұлтанғазиевтің әкім ретіндегі ең белсенді бағыты Қытай болды. Ресми дерек бойынша оның тікелей басшылығымен төрт жылда Қытайдың 16 өңірін қамтыған жеті жұмыс сапары ұйымдастырылып, келіссөздерге Алматы облысының 75-тен астам кәсіпкері қатысқан. Мұндай жиілік оны Қытай бағытына ең көп сапар жасаған қазақстандық өңір басшыларының бірі ретінде атауға негіз береді.
Дегенмен еліміз бойынша барлық әкімнің шетелдік сапарын салыстыратын ашық бірыңғай есеп жоқ. Сондықтан «Қытайға ең көп барған әкім» деген анықтаманы қатаң статистикалық рейтингтен гөрі оның саяси-экономикалық белсенділігіне берілген баға ретінде қабылдаған жөн. Ал жеті сапар мен Қытайдың 16 өңірін қамтыған жұмыс ауқымы бұл бағаның негізсіз еместігін аңғартады.
Қытай бағыты хаттамалық кездесулермен шектеліп қалған жоқ. Алматы облысы мен Қытай арасындағы жылдық тауар айналымы 1 миллиард доллардан асып, өңірде қытайлық және бірлескен капитал қатысқан 287 кәсіпорын жұмыс істей бастады. Қытай капиталы қатысатын 45 жобаның жалпы құны 3, 1 триллион теңгеге жетіп, олар шамамен 16 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді.
Осы сандар Сұлтанғазиевтің Қытаймен қарым-қатынасты кездейсоқ кездесулер деңгейінен жобалық дипломатияға көтергенін байқатады. Ол инвесторды қабылдап қана қоймай, облыс кәсіпкерлерін Қытайға ертіп барып, өндіріс, агроөнеркәсіп, логистика, туризм, энергетика және технология салаларында тікелей байланыс орнатуға ұмтылды. Жыл басынан бері өткізілген 242 инвестициялық кездесудің 80 пайызы Қытай өкілдерімен өтуі де осы бағыттағы жұмыстың жүйелі сипатын көрсетеді.
Ханчжоудағы келіссөздер кезінде жоғары технология, туризм, мұнай-газ, жасыл энергетика және өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы компаниялармен байланыс орнатылды. Көлсай аумағында аспалы жол салу, экологиялық туризмді дамыту және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Zhuhai Shixi Technology, Wanjia Hotel Group, Jinxiang Investment Group, Ronghao Energy және Zhongtai Group секілді компаниялардың келіссөзге қатысқаны жазылған.
Цзянсу провинциясымен орнатылған байланыс та өңіраралық экономикалық дипломатияның нақты үлгісіне айналды. Қытайдағы жалпы өңірлік өнімі 2 триллион доллардан асатын қуатты провинциямен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, жоғары технология және жасыл экономика бағыттары бойынша меморандум жасалды. Мұндай әріптестік Алматы облысына капиталмен бірге басқару тәжірибесін, технология мен жаңа өндірістік мәдениетті тартуға мүмкіндік береді.
Сұлтанғазиев Қытаймен ықпалдастықты тек зауыт пен саудаға байлап қойған жоқ. Шыңжаң университетінде Алматы облысының түлектерін оқытуға арналған «Алатау дарыны» бағдарламасы іске қосылып, қытайлық оқу орындарында облыстан барған 56 жас тегін білім алды. Осылайша инвестициялық дипломатияның жанына кадр даярлау және адами капиталды дамыту бағыты қосылды.
Қаржылық тәртіп пен институционалдық тұрақтылық
Алатау қаласын дамыту ісінде де қаржыгердің қолтаңбасы байқалды. Қаланың бюджетін бірнеше есе ұлғайтып, арнайы экономикалық аймақ, өндірістік кластер және халықаралық инвестиция тартатын жаңа орталық қалыптастыруға басымдық берілді. Жоспарланған жобаларды бюджетке салмақ салатын құрылыс ретінде емес, болашақ салық түсімі мен жаңа жұмыс орнының көзі ретінде қарастыруға ұмтылыс болды.
Марат Елеусізұлының басқару стилі баршаға бірдей жайлы болмауы мүмкін. Регламентті алға тартатын әкім жеке өтініш пен бейресми қысымды шешім қабылдаудың өлшеміне айналдырмайды. Бірақ мемлекет үшін дәл осындай мінез қаржылық тәртіпті, институционалдық тұрақтылықты және лауазымды тұлғаның дербестігін сақтайды.
Өз басым Сұлтанғазиевтің ең бағалы капиталы салынған нысандармен немесе жасалған келісімдермен ғана шектелмейді деп ойлаймын. Оның басты активі заңды қалқан етіп, бюджетті есеппен басқарып, шетелдік әріптеспен нақты экономикалық мүдде негізінде сөйлесе алуында. Орталық билік алдағы уақытта осындай қаржылық сауат пен саяси иммунитетті қажет ететін жауапты бағыттарда оның тәжірибесін қайта пайдалануы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







