Көпшілік эрудицияны интеллектпен, жатталған деректі ойлау қабілетімен шатастырып жүр. Экономист Айдархан Құсайынов жасанды интеллектінің (ЖИ) адам санасына ықпалы туралы жазбасында осы ұғымдардың ара-жігін ажыратып, дайын жауапқа тәуелділіктің қаупін түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, көп оқыған, түрлі автордан үзінді келтіріп, ғылым мен өнер туралы еркін сөйлейтін адам айналасына бірден ақылды көрінеді. Алайда мұндай әсер кейде мықты жады мен мол ақпарат қорының ғана нәтижесі болуы мүмкін. Тіпті қысқа уақытта философ, суретші немесе «дана адам» болып көрінуді үйрететін тұтас индустрия қалыптасқан.
Экономист эрудицияны адамның жинаған білімі мен оқыған дүниесінің көлемі деп түсіндіреді. Осы өлшеммен қарағанда Google-ды әлемдегі ең мықты эрудит деп атауға болады. Ал интеллект пен ақыл ақпаратты сақтау қабілетінен гөрі ой қорыту, логикалық байланыс құру және деректі өңдеу машығымен өлшенеді.
Сондықтан адамның ақылды немесе ойлау қабілеті төмен болуы жаттаған мәліметінің көлеміне тікелей байланысты емес. Көп кітап оқып, көркем сөйлеген адамның өзі дайын пікірлерді қайталаудан әрі аспауы ықтимал. Керісінше, кітап бетін ашпаған ауыл тұрғыны табиғатқа, жұлдызға және күнделікті тіршілікке зер салып, әлем туралы терең қорытынды жасай алады.
Құсайынов «даналық жаспен келеді» деген түсінікке де шарт қояды. Ойлау дағдысы қалыптасқан адамда тәжірибе уақыт өте даналыққа ұласуы мүмкін. Ал ойлануға машықтанбаған адамның жасы ұлғайғанымен, ақылы өздігінен тереңдей қоймайды.
Дербес ойлаудың тамырына балта шабу қауіпті
Ойлау қабілеті жаттығу арқылы дамып, әрекетсіздіктен әлсірейтін дағдыға ұқсайды. Балалық кезеңде ми, нейрондық байланыс, қимыл-қозғалыс, ұсақ моторика және тілді тану қабілеті қалыптасады. Осы шақтағы баланың басты сауалы – дайын жауабын күтетін «Неге?».
Жасөспірімдік кезеңде сауалдың сипаты өзгереді. Бала «Неліктен дәл осылай, басқаша болуы мүмкін ғой?» деп, қалыптасқан пікірге күмән келтіріп, өз уәжін ұсына бастайды. Автордың пайымынша, жасөспірімнің қарсылығы мен ересектермен пікірталасы дамып келе жатқан ойлау қабілетінің табиғи көрінісі саналады.
Осы кезеңде баланың күмәндануына, дәлел іздеуіне және қателесуіне мүмкіндік беру маңызды. Қоғам мен отбасы әр пікірталасты тыйып, дайын жауапты ғана мойындатса, дербес ойлаудың тамырына балта шабуы мүмкін. Қалыптасқан қабілеттің өзі кейін тұрақты жаттығусыз әлсірейді.
Айдархан Құсайынов жасанды интеллектінің негізгі қатерін дәл осы тұстан көреді. Оның пікірінше, ЖИ ақпарат табуды жеңілдетіп, адамның білім қорын арттырғанымен, ойлау процесін дайын жауаппен алмастыруы мүмкін. Ақылды құралды ізденетін адам көмекші ретінде қолданса, ойланудан қашатын адам оған өз ақылын біртіндеп тапсырады.
Қауіп әсіресе ойлау дағдысы енді қалыптасып жатқан жасөспірімдер үшін жоғары. Алғашқы интеллектуалдық қиындықтарға шыдамаған бала ЖИ ұсынған ыңғайлы жауапқа тез үйреніп кетуі ықтимал. Оның үстіне алгоритм қолданушымен көп жағдайда келісе кететіндіктен, қате пайымды да нанымды тілмен қуаттап беруі мүмкін.
Экономистің ирониялық қорытындысы бойынша, адамдар «Неге?» деген балалық сауалдан «Мен басқаша ойлаймын» деген ересек пайымға өте алмай қалуы ықтимал. Жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретудің басым бөлігі әзірге сұрақты дұрыс қоюға тіреледі. Демек, технология адамзатты алға сүйреп қана қоймай, үш жасар баланың «Неге?» және «Қалай?» деген сауалдарына қайта әкелгендей.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







