Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсер Гүлзира Айдарбекова бас бостандығынан айырылған актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге шыққан сот үкіміне қатысты пікір білдіріп, оның жазасын жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді бұрынғы жұбайына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тауып, 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. Сондай-ақ сот шешімімен оған бес жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жария сөз сөйлеуге тыйым салынып, жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге моральдық шығын өндіру жүктелді.
Аталған үкім қоғамда қызу талқыға түскен тұста, продюсер Гүлзира Айдарбекова желідегі жазбалардың біріне пікір қалдырып, сотталған азаматтың артында қалған бала-шағасы мен қарт ата-анасына алаңдайтынын білдірді.
«Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, қыз зорлап, ұрлық жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін», – деп жазды продюсер.
Сонымен бірге ол заң алдындағы жауапкершілікті жоққа шығармайтынын, бірақ бас бостандығынан айыру мерзімін бір жылмен шектеуге болатынын атап өтті. Продюсердің пікірінше, колонияда ұзақ уақыт отыру адам мінезіне кері әсер етуі ықтимал.
«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып, бұзылып келуі де мүмкін ғой. Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар, ешкім жыламаса дегенім ғой», – деді Гүлзира Айдарбекова.
Продюсер актермен жеке таныстығы жоқ екенін, оның адами қасиеттерін жақын білмейтінін, алайда ана ретінде оның отбасының тағдырына бейжай қарай алмағанын сөз соңында жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







