Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге қызмет атқарған жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Кезінде Парламент Сенаты төрағасының орынбасары болған қайраткер Президенттің кісілік болмысы, терең білімі мен дипломатиялық қарым-қатынастағы ерекше шеберлігін тілге тиек етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұхамбет Көпеев Сенат қабырғасында Қасым-Жомарт Тоқаевпен етене араласқан кездерін еске алып, олардың арасындағы қарым-қатынас тек ресми қызметпен шектелмегенін айтты. Мемлекет басшысының адам сыйлау мәдениеті жоғары екенін, өзіне қызметтес болған әріптестеріне үнемі құрметпен қарайтынын баса көрсетті.
Қайраткер өзара әңгіме-дүкен құрған сәттерде қалыптасқан ілтипатты қарым-қатынасты сөзіне арқау етті.
«Екеуіміз көп сөйлесетінбіз, пікір алмасатынбыз. Сенатта жүргенде ол кісі төраға, мен орынбасары болдым. Шәй ішеміз, сырласып өзі телефон соғады. Ешқашан атымды қысқартпай, үнемі „Мұхаммед Жұманазарұлы“ деп толық әрі ілтипатпен сөйлейтін. Бізде „Бәке, Сәке“ деген болған жоқ. Бірге отырып, асықпай кең отырып әңгімелесетінбіз», – деді ол.
Архивті жатқа білетін феноменалды жад
Мұхамбет Көпеев Мемлекет басшысының тарихи деректер мен саяси оқиғаларды жадында сақтау қабілетіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Президент өткен кезеңдердің нақты құжаттарын ешбір қағазға қарамай-ақ дәл баяндап бере алатын сирек қасиетке ие.
Сенат төрағасының бұрынғы орынбасары әріптесінің жан-жақты эрудициясы мен парасатына таңданысын жасырмады.
«Ол кісінің архивтегі материалдарды дәл алдында тұрғандай нақты айтып бергенін көргенде таңғаласың. Таңғаларлық есте сақтау қабілеті бар. Саясаткерлер мен жазушылардың кезінде айтқан сөздерін кітаптан қазір оқып отырғандай жатқа келтіреді. Оның білімі мен біліктілігіне шек жоқ», – деп еске алды қайраткер.
Әлем көшбасшыларын таңғалдырған дипломатиялық тіл
Сұхбат барысында Тоқаевтың шет тілдерін еркін әрі көркем деңгейде меңгергені сөз болды. Мұхамбет Көпеев кезінде елімізге Қытайдың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэр келген сәттерді мысалға келтірді.
Қайраткер Президенттің шетелдік меймандармен әдеби, классикалық тілде сөйлесетінін, мұндай тереңдік тіпті ана тілі саналатын өзге ел саясаткерлерінің өзін таңғалдыратынын мәлімдеді.
«Қытай басшысы Ху Цзиньтао келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлы онымен таза қытай тілінде еркін сөйлесті. Сонда қытайлық делегацияның орындарынан атып тұрып, қол шапалақтағанын көрдім. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр келгенде де солай болды. Ол қытайша да, ағылшынша да, французша да жай тұрмыстық деңгейде емес, жоғары әдеби тілмен сөйлейді. Тіпті әзілдеп „Осы ағылшындар өз тілін білмейді“ дейтін. Мұндай мәнерге шетелдіктер көздерін ашып, сүйсіне қарайтын. Дональд Трамптың өзі жайдан-жай „Қазақстанда ақылды президент бар“ деп мойындап отырған жоқ қой», – деп түйіндеді Мұхамбет Көпеев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







