«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жариялаған жартыжылдық есепте компанияның жалпы берешегі азайғанымен, таза қарыз көлемінің күрт өскені байқалды. 2026 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша компанияның таза қарызы 983 миллиард теңгеге (2,04 миллиард доллар) жетіп, өткен жылдың соңындағы 375 миллиард теңгемен салыстырғанда 162,2 пайызға көбейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл ретте компанияның жалпы қарызы (gross debt) 3,2 пайызға қысқарып, 3,41 триллион теңгені құраған. Оның 69 пайызы АҚШ долларымен бекітілгендіктен, теңге бағамының нығаюы қарыздың жалпы салмағын қағаз жүзінде аздап азайтқандай болып көрінеді.
Таза қарыз неге күрт секірді?
Таза қарыздың осыншама қарқынмен өсуіне компания қолындағы қолма-қол ақша мен банк депозиттерінің шұғыл азаюы себеп болды. 2025 жылдың 31 желтоқсанында ұлттық компанияның шоттары мен салымдарында 3,14 триллион теңге болса, 2026 жылдың 30 маусымына қарай бұл қор 22,9 пайызға азайып, 2,42 триллион теңгеге дейін кеміген. Әсіресе қысқамерзімді банк депозиттері екі еседен астам қысқарған (1,87 триллионнан 835 миллиард теңгеге дейін).
Ликвидті қаржының бұлайша азаюының басты себептері қаржылық құжатта нақты көрсетілген:
«Самұрық-Қазына» облигацияларын сатып алу: «ҚазМұнайГаз» өзінің бас акционері – «Самұрық-Қазына» қорының 1 миллиард АҚШ долларына тең купондық облигацияларын (шамамен 487 миллиард теңге) сатып алған. Мәміле шеңберінде компания жалпы сомасы 2 миллиард долларға дейінгі облигацияларды сатып алу міндеттемесін мойнына алған.
Дивиденд төлеу: 2025 жылдың қорытындысы бойынша акционерлерге бір акцияға 573,66 теңгеден есептеліп, барлығы 350 миллиард теңге көлемінде рекордтық дивиденд толық төленді.
Капиталдық шығындар (CAPEX): Ақшалай есептеу бойынша күрделі шығындар 61 пайызға ұлғайып, 422 миллиард теңгені құрады. Қаражат негізінен Теңіздегі газ бөлу кешені мен Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына аванс ретінде бағытталған.
Квазимемлекеттік сектордың ішкі айналымы
Қаржылық қордың едәуір бөлігінің «Самұрық-Қазына» облигацияларына салынуы квазимемлекеттік холдинг ішіндегі қаражат қайта бөлу механизмін көрсетеді. Ұлттық компания нарықтық жоғары табыс әкелетін банк депозиттерінен қаражатын шығарып, холдингтің ішкі қажеттіліктерін (SOFR + 0.2% мөлшерлемесімен) қаржыландыруға мәжбүр болған.
Бұл қадам компанияның жедел төлем қабілетін дағдарысқа ұшыратпағанымен, таза борыштық жүктеменің екі еседен астам артуына әкеп соқты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







