Президент Тоқаев Германияның беделді «Handelsblatt» іскерлік басылымына жариялаған мақаласында Берлинге еуропалық өнеркәсіпке ауадай қажетті стратегиялық шикізат саласында толыққанды өндірістік одақ құруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы үш онжылдықтан астам уақытқа созылған сенімді байланыс пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көшкенін атап өтті. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан мен Германия арасындағы серіктестік Еуразия құрлығындағы энергетикалық және көлік-логистикалық қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің біріне айналып отыр.
Сын-қатерлер кезеңіндегі стратегиялық шикізат
Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар 34 шикізат түрінің 21-ін өндіретін мемлекеттер қатарында. Олардың ішінде жасыл энергетика мен жоғары технологияларға қажетті литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс секілді таптырмас металдар бар. Президент Тоқаев неміс бизнесіне тек шикізат сатып қана қоймай, терең өңделген өнім шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға шақырды.
«Біз германиялық серіктестерге жай ғана кепілді жеткізуді емес, геологиялық барлау мен өндіруден бастап өңдеуге, бөлшектер шығаруға және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі толық өндірістік тізбекті бірлесе құруды ұсынамыз. Металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау саласында зор мүмкіндік бар. Біз Германия нарығына өңделген өнімнің қосымша 80-нен астам түрін жеткізе аламыз», – деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Энергетикалық сенім мен жаңа транзиттік бағдар
Еліміз Еуропаны тұрақты энергиямен қамтамасыз етуде сенімді серіктес екенін дәлелдеп келеді. Бүгінде Қазақстан Еуроодақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызын және табиғи уранның 20 пайызын береді. Бір ғана өткен жылдың өзінде Германияға жеткізілген отандық мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты.
Сонымен бірге Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85 пайызы біздің аумақ арқылы өтеді. Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуеті жылдам артып келе жатқанына тоқталды. Қолға алынған жаңа инфрақұрылымдық жобалар Қытай мен Еуропа арасындағы жолды 1000 шақырымға дейін қысқартып, тауар жеткізу жылдамдығын едәуір арттырмақ. Неміс компаниялары үшін Қазақстандағы авиахабтарды дамытуға қатысу да тиімді болмақ.
Адам капиталы және неміс мақалы
Ынтымақтастықтың берік іргетасы ретінде халықтар арасындағы терең тарихи байланыс айрықша маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс тұрса, Германияда біздің елден қоныс аударған бір миллионнан астам азамат бар. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастың болашағы Германия стандарттары бойынша білім алып, бірлескен кәсіпорындарда еңбек ететін жас отандық инженерлерге тікелей байланысты.
Мақала соңында Президент серіктестіктің мәнін ашатын тағылымды оймен түйін жасады:
«Немістің «Einigkeit macht stark» – «Бірлікте – күш» деген мақалы бар. Осы даналық Қазақстан мен Германияның мүмкіндіктері бір-бірін үйлесімді толықтыратын өзара іс-қимылымызда нақты көрініс тауып келеді. Өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейте отырып, біз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркендеу кеңістігін бірге нығайта түсетінімізге сенімдімін», – деп атап өтті Президент Тоқаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







