Берлинде Қазақстан мен Германия арасындағы ресми келіссөздер қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 2 миллиард долларды құрайтын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев пен Германияның федералдық канцлері Фридрих Мерц өткізген шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер екіжақты экономикалық байланыстарды жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталды. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, энергетика, көлік-логистика және маңызды шикізат өндіру салаларындағы бірлескен жобаларды нақтылады.
Келіссөздердің нақты нәтижесі
Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Берлинге жасалған сапардың аса маңызды мәнге ие болғанын және қос тарап үшін нақты нәтижелерге жол ашқанын жеткізді. Ол қол жеткізілген уағдаластықтарды қағаз жүзінде қалдырмай, дер кезінде орындаудың маңызын айрықша атап өтті.
«Келіссөздер аясында жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Осы келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы одан әрі берік болатыны анық. Ертең Баварияға барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар аясында Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Аталған жиын да серіктестігімізді нығайтуға үлес қосады деп сенемін», – деді Президент Тоқаев.
54 миллиард долларлық инвестициялық қоржын
Жаңадан бекітілген 2 миллиард долларлық коммерциялық келісімдер екі елдің осыған дейін қалыптасқан ауқымды экономикалық серіктестігін толықтыра түспек. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Германияның ортақ қоржынында жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 ірі өнеркәсіптік жоба бар. Олардың 21-і қазірдің өзінде нақты іске қосылып, өнім бере бастаған.
Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, машина жасау өнімдерін, соның ішінде неміс жабдықтарымен өндірілген теміржол доңғалақтарын Германия нарығына экспорттау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар тараптар «Орталық Азия – Германия» диалог алаңын одан әрі дамытуға келісті.
Сенімге негізделген 35 жылдық әріптестік
Кездесуде Президент Германияны еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған сенімді стратегиялық әріптес ретінде атады. Келер жылы екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады.
Тараптар сауда-саттықтан бөлек, аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі түйткілдерге де тоқталды. Қазақстан мен Германия халықаралық шиеленістер мен кез келген қақтығысты тек бейбіт әрі дипломатиялық диалог арқылы шешу қажет деген ортақ ұстанымды қуаттады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







