Түркістан облысында қозғалыстағы көлік үстінде торт әзірлеп, әлеуметтік желіге қауіпті видео түсірген ерлі-зайыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында қозғалыстағы көліктің люгінен денесін шығарып, жол үстінде торт әзірлеген әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Қауіпті кадр полиция назарына ілініп, тәртіп сақшылары KIA Ceed автокөлігін және оның жүргізушісін жедел анықтады.
Тексеру барысында көлікті 36 жастағы ер адам – әйелдің жұбайы басқарғаны, ал 35 жастағы әйел люктен шығып, торт әзірлегені белгілі болды. Жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзған ерлі-зайыптыға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция әлеуметтік желіге контент түсіру кезінде жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, әсерлі кадр үшін жасалған мұндай қауіпті әрекеттер адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







