Қыркүйек айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының ағашты заңсыз кесу мен өткізуді ұйымдастырды деп күдіктелген лауазымды тұлғаларының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Болжамды схема қалай жұмыс істеген?
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, іске қатысушылар орманды жаппай заңсыз кесудің және одан әрі сүректі сатудың тұрақты схемасын ұйымдастырды деп күдіктелуде.
Тергеу нұсқасы бойынша, лауазымды тұлғалар ақшалай сыйақы үшін өтімділігі жоғары орман телімдеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп отырған.
Тінту кезінде не табылды?
Тінту барысында құқық қорғаушылар бухгалтерлік құжаттарды, ағаш кесуге арналған орман тоқсандарын бөлу туралы қолжазба жазбаларды, ақшалай қаражатты және басқа да заттай айғақтарды тәркіледі.
Орын алған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі («Пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.
Мән-жай мен контекст
«Семей орманы» резерваты ірі орман өрттері мен олардың салдарын жою мәселелеріне байланысты бірнеше рет назарға іліккен болатын.
2023 жылғы маусымда «Семей орманында» ірі орман өрті орын алып, ресми деректер бойынша орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Өрттің аумағы 60 мың гектарды құраған еді.
Кейіннен Абай облысы Бородулиха аудандық соты резерваттың және Жаңа Шүлбі филиалының екі бұрынғы басшысын кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихаты кезінде ФБРК негізін қалаушы әрі журналист Кирилл Павлов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдерінен 2023 жылғы өрттен кейін резерватты қалпына келтіруге қанша уақыт кететінін сұраған болатын.
«Орманды бұрынғы қалпына келтіру үшін шамамен 60 жыл қажет болады», – деп мәлімдеді Комитет төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Елемесов.
Орманды қалпына келтіру мәселелерінен бөлек, бүлінген сүректің бұдан арғы тағдыры да назар аудартты. Бұған дейін «Семей орманындағы» орман өртінен кейін 1 млн 59,6 мың текше метрден астам зақымдалған сүрек дайындалғаны белгілі болған. Ол электрондық аукциондар және жазбаша өтініштер арқылы сатылады, алайда Экология министрлігі қанша сүректің өткізілгенін және қандай сома табыс түскенін жарияламады.
Кейіннен резерват тағы да ірі өртке тап болды. 16 шілдеде оның аумағында өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтау шараларының қызған кезінде оны жоюға 769 адам, 191 бірлік техника және 8 тікұшақ жұмылдырылды. Авиация суды 319 рет тастап, өрт ошағына 709 тонна су жеткізді. Өрт 18 шілдеде оқшауланып, оның толық сөндірілгені туралы ресми түрде 28 шілдеде хабарланды.
Сонымен бірге ФБРК редакциясы өрт көлемін бағалауда алшақтықты анықтады. Ол алдын ала есептеуден айтарлықтай үлкен болып шықты. NASA FIRMS өрт мониторингі жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, бұған дейін 370 гектар туралы хабарланғанымен, шын мәнінде шамамен 1 676 гектар аумақ қызыл жалын құрсауында қалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







