«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин 12 жылдық оқу жүйесінің мәні, оқу орындарына бөлінетін қаржы көлемі және оқушылардың гаджет пайдалануына салынған шектеулердің нәтижесі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тимур Балымбетке берген сұхбатында ол отандық білім беру саласындағы қызу талқыланып жатқан бастамаларға, атап айтқанда, мектеп қабырғасында 18 жасқа дейін оқудың орындылығы мен жастарды еңбек нарығына ертерек даярлау қажеттілігіне тоқталды. Ұйым басшысы Зияткерлік мектептердің тәжірибесін еліміздегі жалпы білім беретін мектептерге тарату барысын да егжей-тегжейлі баяндап берді.
12 жылдық білім беру: екі түрлі модель
Президент Тоқаевтың тамыз кеңесінде қазіргі балалардың жедел дамуын ескеріп, 18 жастағы жасөспірімдердің мектепте оқуы қаншалықты тиімді екенін қарастыруды тапсырғаны белгілі. Әнуар Жанғозиннің пікірінше, бұл мәселе ел демографиясы мен экономикалық белсенділікке тікелей байланысты. Қазақстан халқының 30 пайыздан астамы – 18 жасқа дейінгі балалар, сондықтан жастардың еңбек нарығына уақтылы қосылуы маңызды. Қазір Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия ықтимал шешімдерді сараптап жатыр.
«Бірінші нұсқа – оқу мерзімін 11 жыл етіп ықшамдау. Бұл жағдайда оқушы мектепті 17 жасында бітіріп, университетті 21 жасында аяқтайды да, бірден еңбек нарығына шығады. Екінші модель – 12 жылдық мектепті сақтап, жоғары оқу орнындағы бакалавриат мерзімін 3 жылға дейін қысқарту. Бұл халықаралық тәжірибеде, әсіресе Ұлыбритания мен Еуропа елдерінде кең таралған. Қазірдің өзінде еліміздегі 12 университет NIS түлектерін бірден екінші курсқа қабылдайды, ал Назарбаев университеті дайындық бағдарламасынсыз тікелей бірінші курсқа алады. Екі модельдің де өз артықшылығы мен тәуекелдері бар, комиссия жан-жақты сараптама жасап жатыр», – деді ол.
NIS бюджеті: «Әр мектепке 500 мың теңгеден ғана тиер еді»
Қоғамда жиі айтылатын «Зияткерлік мектептердің қаржысын қысқартып, қарапайым ауыл мектептеріне бөліп беру керек» деген пікірге төраға нақты есеппен жауап қатты. Ұйымның жылдық қаржысы елдегі орта білім беру саласына бөлінетін жалпы бюджеттің бар-жоғы бір пайызын құрайды.
«Мемлекеттен NIS-ке бөлінетін барлық қаржыны алып, еліміздегі 8 мың мектепке теңдей бөліп берсек, әр оқу орнына орта есеппен шамамен 500 мың теңгеден ғана тиеді. Мұндай сома қарапайым мектептердің білім сапасын түбегейлі өзгерте алмайтыны анық. Бізде бір балаға арналған мемлекеттік грант көлемі 2,3 миллион теңге шамасында болғанымен, оның 70 пайызы мұғалімдердің жалақысына жұмсалады. Сонымен қатар біз – толық күн мектебіміз, яғни сабақ таңнан кешке дейін жүреді, сыныптағы бала саны аз, пәндер тереңдетіліп оқытылады, оқушылар ыстық тамақпен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі», – деп түсіндірді басқарма төрағасы.
Смартфонға салынған тыйым және оқу сапасы
Халықаралық PISA зерттеулері көрсеткендей, балалардың функционалдық сауаттылығы мен мәтінді түсініп оқу деңгейінің төмендеуіне гаджеттерге тәуелділік қатты әсер етеді. Осыны ескерген ұйым оқу ғимараттарында смартфон пайдалануға қатаң шектеу қойған. Оқушылар сабақ уақытында телефондарын жеке жәшіктеріне қалдырады, ал оқу үдерісі үшін арнайы жабдықталған смарт-аймақтар жұмыс істейді.
«Бастапқыда оқушылар тарапынан қарсылық болғаны рас, алайда бір-екі айдың ішінде балалардың өздері де бұл шешімнің дұрыстығын түсінді. Қазір қоңырау кезінде телефонға телміріп отырмайды. Үстел теннисін, шахмат ойнайды, бір-бірімен тілдеседі, кітап оқиды. Оқушының тек дұрыс жауап беруі жеткіліксіз, жасанды интеллект те кез келген сұраққа лезде жауап тауып бере алады. Басты мақсат – баланың ойлау процесін қалыптастыру, сыни көзқарасын дамыту және ақпаратты талдауға үйрету», – деп атап өтті спикер.
Тәртіп пен қағида бәріне ортақ
Сұхбат барысында емтихан кезінде телефон қолданып, мұғалімге дөрекілік танытқаны үшін Алматыдағы мектептен шығарылған оқушының жағдайы да сөз болды. Желідегі қызу талқылаулар мен түрлі петицияларға қарамастан, басшылық шешімді өзгертпеген. Әнуар Жанғозин заң мен тәртіп қағидатын сақтау әрбір азаматтың мектеп қабырғасынан басталатын жауапкершілігі екенін еске салды.
«Мұндай қадамға бару мектеп үшін ешқандай жеңіс емес. Алайда біз үшін мұғалімнің құқығын қорғау және бекітілген тәртіпті сақтау бәрінен биік тұрады. Академиялық адалдық ережелері мен мектеп тәртібін бұзудың салдары бар екенін әрбір бала білуі тиіс. Егер біз әлеуметтік желідегі қысымға немесе ата-аналардың наразылығына бола ережеден шегіне берсек, қоғамда тәртіп те, әділдік те болмайды. Бұл оқиға өзге балаларға да үлкен сабақ болды», – деді Әнуар Жанғозин.
Ұлттық тәрбие және «ақыл-ой айналымы»
Зияткерлік мектептер оқушыларды тек шетелге кетуге даярлайды деген пікір шындыққа жанаспайды. Ресми дерек бойынша түлектердің 80 пайызы білімін Қазақстанның жоғары оқу орындарында жалғастырады. Шетелде білім алғандардың өзі көбіне елге оралып, мемлекет дамуына үлес қосып келеді. Мысалы, жақында осы мектеп түлектері Екібастұзда жасанды интеллектке арналған ірі деректер орталығын ашу жобасын іске асыруға шетелдік инвесторларды тартты. Сонымен қатар барлық мектептерде ұлттық тәрбиеге баса мән беріледі.
«Оқу тіліне қарамастан, барлық жетінші сынып оқушыларына аптасына екі рет домбыра үйрену міндеттелген. Оқу жылының соңында барлық бала кемінде 5-6 күйді еркін орындайтын деңгейге жетеді. Қазақстан тарихы мен география пәндері орыс тіліндегі сыныптарда да тек қазақ тілінде оқытылады. «Жүз ән», «100 кітап» жобалары жүйелі жүзеге асып келеді. Заманауи балаларға өз ұлтын, мәдениетін қадірлеуді жалаң ұранмен емес, осындай терең тәрбие арқылы сіңіру қажет», – деп қорытындылады сөзін басқарма төрағасы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







