2026 жылдың II тоқсанында бір қазақстандыққа шаққандағы орташа ақшалай табыс айына 263,7 мың теңгеге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш бірден 11,2%-ға өсті, алайда нақты мәнде өсім шамалы ғана болды — небәрі 0,7%.
Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады. Номиналды және нақты өсім арасындағы осындай үлкен алшақтықтың басты себебі — бағаның өсуі. Қарастырылып отырған кезеңде тұтыну бағаларының индексі 10,4%-ды құрады.
Бір жыл бұрын жан басына шаққандағы номиналды табыс 237,2 мың теңгені құраған еді. Осылайша, ақшалай түрде қазақстандықтар айына шамамен 26,5 мың теңгеге көп алды. Дегенмен, инфляцияны есепке алғаннан кейін бұл үстеменің басым бөлігі іс жүзінде жойылып кетеді.
Кейбір өңірлерде тұрғындардың жағдайы нашарлады
Ел бойынша орташа көрсеткіш өңірлер арасындағы елеулі айырмашылықты жасырып тұр. Номиналды көрсеткіштердің өсуіне қарамастан, бірқатар облыстарда халықтың нақты табысы төмендеп кетті.
Ең үлкен төмендеу Атырау облысында тіркелді. Мұнда нақты табыс 11,8%-ға азайды. Сонымен қатар бұл өңір номиналды көрсеткіші де төмендеген жалғыз аймақ болды: 309,1 мыңнан 304,5 мың теңгеге дейін, яғни 1,5%-ға азайған.
Ұлытау облысында да сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді — 8,5%-ға. Жетісуда нақты табыс 6,2%-ға, Маңғыстау облысында 6,4%-ға азайды.
Төмендеу сондай-ақ Жамбыл облысында — 3,8%, Қызылорда облысында — 3,2%, Батыс Қазақстан облысында — 2,3% деңгейінде тіркелді.
Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкентте шамалы теріс динамика байқалды.
Алматы Түркістан облысынан үш есе дерлік көп табыс табады
Өңірлер арасындағы алшақтық айтарлықтай жоғары болып қала беруде.
II тоқсанда жан басына шаққандағы ең жоғары табыс Алматыда тіркелді — айына 427,6 мың теңге. Бір жыл ішінде ол 14,4%-ға, ал инфляцияны ескергенде 4,7%-ға өсті.
Екінші орында 365,5 мың теңге көрсеткішімен Астана тұр. Алайда бағаның өсуі елорда тұрғындарының табысының өсімінен асып түсті: нақты табыс 0,6%-ға азайды.
Облыстар арасында ең жоғары көрсеткіш Ұлытауда тіркелді — 313,5 мың теңге. Дегенмен, өңір тұрғындарының сатып алу қабілеті бір жылда 8,5%-ға төмендеген.
Рейтингтің ең соңында Түркістан облысы тұр, мұнда жан басына шаққандағы табыс 152,7 мың теңгені құрайды. Бұл Алматыға қарағанда шамамен 2,8 есе аз.
Одан кейін Шымкент — 169,5 мың теңге, Жамбыл облысы — 179,4 мың теңге және Жетісу облысы — 180,1 мың теңге.
Қай өңірлерде табыс бағадан озып кетті
Нақты табыстың өсімі бойынша ең жақсы нәтижені Алматы көрсетті — бір жылда 4,7% қосылды.
Шығыс Қазақстан облысында сатып алу қабілеті 3,3%-ға, Қостанай облысында 3,1%-ға, Қарағанды облысында 2,2%-ға өсті.
Оң динамика сондай-ақ Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Ақмола және Абай облыстарында тіркелді.
Осылайша, теңгелік табыстың өсуі халықтың қаржылық жағдайының дәл солай жақсарғанын білдірмейді. Қазақстан бойынша орташа есеппен 11,2% номиналды өсім баға өсімін есепке алғаннан кейін небәрі 0,7% нақты өсімге айналды.
Бұл ретте өңірлердің бір бөлігінде инфляция ақшалай табыстың өсімін толығымен басып тастады, сөйтіп халықтың сатып алу қабілеті іс жүзінде төмендеп кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






