Қазақстанның отын-энергетика кешені түбегейлі цифрландыру кезеңіне өтеді: салада жасанды интеллект енгізіліп, апаттарды 25 пайызға азайту және жыл сайын 23 миллиард теңге үнемдеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгінгі Үкімет отырысында Энергетика министрлігі 2029 жылға дейінгі ауқымды жоспарын жайып салды. Жобалар үш негізгі бағытты қамтиды: нысандардың «цифрлық егізін» жасау, 45 жасанды интеллект жобасын енгізу және стратегиялық нысандарды кибершабуылдар мен дрондардан қорғау.
Басты міндеттер мен күтілетін нәтижелер
Ең басты уәделер мен сандар мынадай:
- Энергия ресурстарының шығындарын 90%-ға дейін қысқарту;
- Мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан жанармай бекетіне дейінгі жолын толассыз цифрлық бақылауға алу;
- «Ембімұнайгаз» кен орнында цифрлық егіз арқылы өндірісті қосымша 2,9 миллион тоннаға арттыру;
- Астананың энергетика кешенін виртуалды басқару арқылы отынды 2,5%-ға үнемдеу;
- ЖЭС-тердегі турбиналар мен қазандықтарға датчиктер орнатып, оқиғалар санын 78%-ға азайту.
Арнайы құрылып жатқан ACR Center орталығы стратегиялық кәсіпорындарға ұшып келетін дрондарды анықтап, залалсыздандырумен және киберқауіптерге қарсы тұрумен айналысады.
Бұған қоса, енді нысандар тек желіде ғана емес, физикалық тұрғыда да қорғалады. Арнайы құрылып жатқан ACR Center орталығы стратегиялық кәсіпорындарға ұшып келетін дрондарды анықтап, залалсыздандырумен және киберқауіптерге қарсы тұрумен айналысады. Осы мақсатта алғашқы «ENERFORT» кибероқу-жаттығуы да өткізілген.
Инфрақұрылым жаңартусыз алгоритм көмектесе ме?
Біздіңше, цифрландыру мен жасанды интеллект уақыт талабы. Алайда, тозығы 70-80 пайызға жеткен кеңестік қазандықтар мен құбырларды кез келген алгоритм тек «бақылай» алады, бірақ өзі жаңартып бере алмайды. Бұл реформа нақты инфрақұрылымдық жөндеумен ұштаспаса, 23 миллиард теңгелік үнем қағаз бетіндегі әдемі дерек күйінде қалуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







