Қазақстанда соңғы тоғыз айда 25 мың тұрмыстық жанжалқой қамалып, 386 дрифт фактісі мен 58 тәртіп бұзған стример жазаланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде қоғамда үлкен резонанс тудыратын құқықбұзушылықтар бойынша соңғы көрсеткіштер жарияланды. Тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, көшелердегі қауіпті көлік жүргізуге және әлеуметтік желілердегі былапыт әрекеттерге қарсы бақылауды күшейтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес
Жыл басынан бері отбасында тыныштық бұзған 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп. Жазаланғандардың 25 мыңы сот шешімімен қамауға алынды.
Полиция қауіптің алдын алу мақсатында 73 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды. Нұсқама талаптары мен сот шектеулерін орындамағаны үшін 20,5 мың адам жауапқа тартылды. Зардап шеккендердің қауіпсіздігі үшін дағдарыс орталықтарына 4,5 мың әйел мен бала орналастырылды. Нәтижесінде тұрмыстық саладағы қылмыстар 10,4 пайызға, оның ішінде адам өлімі 11 пайызға төмендеген.
Қауіпті дрифт пен түнгі жарыстар
Полиция елді мекендерде тұрғындардың тыныштығын бұзатын түнгі жарыстар мен қауіпті жүргізу фактілеріне тосқауыл қоюды жалғастыруда.
Тоғыз ай ішінде көшелерде қауіпті дрифт жасаған 386 дерек тіркеліп, жол ережесін өрескел бұзған 59 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ 142 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Жалпы республика бойынша жол қозғалысы ережесін бұзудың 11,9 миллион фактісі анықталған. Оның ішінде 19 мыңнан астам адам көлікті мас күйінде басқарса, 247 мың жүргізуші рөлде отырып телефон пайдаланған. Сот шешімімен 2,4 мың азамат жүргізуші куәлігінен айырылды.
Тікелей эфирдегі бұзақылық пен стримерлер жазасы
Желі кеңістігіндегі тәртіп те тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Тікелей эфирлер кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіз қылық көрсеткен немесе қауіпті пранктер ұйымдастырған 150-ден астам желі қолданушысы жауапқа тартылды.
Олардың арасынан қоғамдық тәртіпті бұзған 58 блогер мен стример сот қаулысымен әкімшілік қамауға алынды. Министрлік интернеттегі заңсыз контентке қатысты жазалау шаралары қоғамда құқықбұзушылыққа төзбеушілік қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







