Қазақстанда жағдайы жақсы отбасылар мемлекеттік әлеуметтік қолдау мен жәрдемақының 10 түрін ала алмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет Цифрлық отбасы картасы арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды анықтаудың жаңа қағидаларын бекітті. Жаңа тәртіп бойынша көмек тағайындау кезінде тек ресми кіріс қана емес, азаматтардың нақты шығыстары, жылжымайтын мүлкі, көліктері мен банктегі қаржылай депозиттері кешенді түрде бағаланады.
Отбасылардың санаттары және жаңа талаптар
Цифрлық карта негізінде еліміздегі барлық отбасы әл-ауқатына қарай бес деңгейге жіктеледі. Олардың қатарында ауқатты және қанағаттанарлық жағдайдағы А мен В санаттары, сондай-ақ қиын жағдайдағы, дағдарысты және шұғыл көмекті қажет ететін С, D, Е санаттары бар.
Мемлекеттік әлеуметтік қолдау тек қиын жағдайға тап болған С, D және Е тобындағы отбасыларға ғана бағытталады. Ал табысы жеткілікті, қымбат мүлкі немесе қомақты қаржылық жинақтары бар А және В санаттарындағы азаматтар жеңілдіктерден автоматты түрде шеттетіледі.
Ауқаттыларға берілмейтін 10 көмек түрі
Жаңа ережелерге сәйкес, материалдық жағдайы жақсы азаматтарға келесі мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалмайды:
Атаулы әлеуметтік көмек, мектептердегі тегін ыстық тамақ, балабақша ақысын субсидиялау және коммуналдық қызметтерге арналған тұрғын үй көмегі тоқтатылады.
Сондай-ақ жергілікті мәслихаттар шешімімен төленетін біржолғы әлеуметтік төлемдер, шипажайлық-курорттық емделуге берілетін жолдамалар, жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсетілмейді. Бұған қоса, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, мемлекеттік баспана кезегіндегі басымдықтар және жұмыспен қамту бағдарламалары аясындағы әлеуметтік төлемдер ауқатты отбасыларға берілмейді.
Мүліктік жағдай қалай тексеріледі
Отбасының әл-ауқатын бағалау үшін мемлекеттік органдар мен банктердің деректер базасы толық біріктірілген. Жүйе отбасы мүшелерінің атына тіркелген бірнеше баспананы, коммерциялық жылжымайтын мүлікті, қымбат автокөліктерді және есепшоттардағы ақша қозғалысын автоматты түрде сараптайды.
Егер отбасының ресми жалақысы төмен болғанымен, нақты мүлкі мен қаржылық шығындары жоғары болса, олар мұқтаждар қатарына енгізілмейді. Жаңа ережелер ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







