Қазақстан өңірдегі әріптес елдер мен Әзербайжанға жасанды интеллект саласында күш біріктіріп, ортақ серіктестік құруды ұсынды. Мемлекет басшысы цифрлық әлеует пен озық технологияларды тиімді үйлестіру арқылы аймақтың ғылыми және инновациялық дамуына тың серпін беруге болатынын атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық Азия серіктестігі және отандық цифрлық экожүйе
Президент елімізде жаңа технологияларды өрістету үшін кешенді заңнамалық әрі инфрақұрылымдық негіз қаланғанын еске салды. Қазақстанның осы бағытта жинақтаған тәжірибесі бауырлас мемлекеттер үшін ортақ платформаға айналуға толық қауқарлы. Осы орайда ғылыми орталықтар мен жекеменшік IT компаниялар арасында тікелей байланыс орнату қажеттігі туындап отыр.
– Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады, – деді Мемлекет басшысы.
Нейрожелі қаупі және жауапкершілік декларациясы
Сонымен қатар Президент технологияның қарқынды дамуы үлкен мүмкіндіктермен бірге белгілі бір қауіп-қатер де тудыратынын жасырмады. Қазір әлемде нейрожелілерді бақылаусыз қалдыру мен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жаһандық деңгейде қызу талқыға түсіп жатыр. Сондықтан өңір мемлекеттері алдын ала ортақ ойын ережелерін белгілеп алуы шарт.
– Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай ортақ құжат өңірде цифрлық шешімдерді халық игілігі үшін қауіпсіз пайдалануға және болашақта туындауы мүмкін киберқауіптердің алдын алуға кепілдік бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






