Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен еліміздің 18 өңірінде «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымында микрокредит беру кезінде азаматтарды жаппай алдаудың жолын кесіп, алаяқтық әрекетті әшкереледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақылы қызметті міндеттеу схемасы
Тергеу деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың тамызында ұйым ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны қарыз сомасына қарай белгіленіп, қарыз алушының негізгі берешегіне қосылған.
Клиенттерге бұл қызметтің ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтынын немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтынын айтқан. Ал ақылы қызметтен бас тартуға болатынын жасырған.
Салдарынан қарыз алушылар қолына тиесілі сомадан аз ақша алғанымен, қарызды сыйақысымен қоса толық қайтаруға міндеттелген. Микрокредитті қайтару мерзімін ұзартқан сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған.
Барлығы 43 мың азаматпен ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Күдікті үйқамаққа алынды
Микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







