Астанада Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі бірлескен арнайы операция өткізіп, есірткі сатумен айналысқан «Пепе» интернет-дүкенінің қатысушыларын қолға түсірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жедел қызметкерлер жалдамалы пәтерлерді тінту кезінде 30 жастан асқан бес ер адамды ұстады. Тергеу барысында олардың нақты рөлдерге бөлінгені анықталды. Топ құрамында ұйымдастырушы, буып-түюші, қоймашы және жасырып кетушілер қызмет еткен. Олар тәулік бойы тұтынушыларды марихуана, гашиш және каннабис шайыры секілді заттармен қамтамасыз етіп отырған.
Тәттіге жасырылған есірткі
Күдіктілердің ұсынған тауарлары арасында ерекше назар аудартқаны – құрамына каннабис шайыры қосылып пісірілген кондитерлік өнімдер болды.
«Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 граммнан болатын 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді», – делінген ресми ақпаратта.
Тінту шаралары кезінде жалпы салмағы 12 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 8 келіден астам кептірілген марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры бар. Сонымен бірге күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларынан ірі көлемде қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы байланыс құралдары, электронды таразылар мен вакуумдап орайтын арнайы құрылғылар алынды.
Күдіктілерге қандай жаза қаупі төніп тұр?
Қазіргі уақытта ұсталған топтың барлық мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов аталған дерекке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Ұсталған азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Барлық күдіктілер қамауға алынды», – деді Бақытжан Әмірханов.
Полиция өкілдері елордада есірткі жеткізу арналары мен көлеңкелі интернет-дүкендерді әшкерелеу жұмыстары жалғаса беретінін ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







