Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 356 мың жеке кәсіпкерлік тіркеу есебінен шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздегі шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштерін баяндады. Оның мәліметінше, қаңтар–қыркүйек айларында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік тіркеуден өткен. Оның ішінде 34,7 мыңы – заңды тұлғалар болса, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкерлер.
Сонымен бірге осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкерлік қызметін ресми түрде тоқтатқан.
Бизнестің жабылу себебі неде?
Министр кәсіпкерлік есебінен шығу нақты экономикалық қызметтің біржола тоқтағанын білдірмейтінін атап өтті. Ресми мәлімет бойынша, тіркеуден шыққан жеке кәсіпкерлердің құрылымы бірнеше санатқа бөлінеді.
«Есептен шығарылған жеке кәсіпкерлердің 42,6 пайызы өткен жылы мүлде табыс алмаған. Ал 20,8 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне өтіп, басқа салықтық мәртебеде жұмысын жалғастырды», – деді Серік Жұманғарин.
Дегенмен, тіркеуі жойылған қалған 36,6 пайыз немесе шамамен 130,3 мың жеке кәсіпкердің нақты қандай себеппен жабылғаны министрлік тарапынан ашып айтылмады.
Нарықтағы нақты ахуал мен сарапшылар пікірі
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өзін-өзі қамтыған азаматтарды есепке алғанда еліміздегі бизнес субъектілерінің жалпы саны 32,5 пайызға артып, 3,2 миллионға жеткен. Сондай-ақ жалпыға бірдей салық салу режиміне көшіп, қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлер қатары 28 пайызға көбейді. Қазіргі уақытта жаңа арнайы режимді 980 мыңнан астам азамат пайдаланып отыр.
Экономист Арман Бейсембаев салық заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен реформалардың салдары толық деңгейде әлі көрінбегенін алға тартады. Сарапшының пайымдауынша, әкімшілік жүктеме мен талаптардың қатаңдауы алдағы уақытта да шағын бизнестің оңтайлы жұмыс форматтарын іздеуіне немесе қызметін қайта құруына ықпал ете түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







