Үкімет үй жанындағы шағын дүкендердің әлеуметтік маңызы бар тауарларының бағасын тексеруге мораторий жариялау және банктік эквайринг комиссиясын 0,5 пайызға дейін төмендету туралы депутаттық бастаманы қабылдамады. Премьер-министр Олжас Бектенов бақылауды алып тастау азық-түліктің шарықтауына әкеліп, халықтың қалтасына ауыр соққы болады деп жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қарыз дәптері» және банктердің 3 пайыздық қыспағы
Мәжіліс депутаттары көтерген мәселе еліміздегі мыңдаған шағын дүкен иелерінің шын мәнінде тығырыққа тірелгенін көрсетті. Бүгінде тұрғын үйлердің ауласындағы дүкендер ірі супермаркеттердің бәсекесіне шыдамай, бірінен соң бірі жабылуға мәжбүр. Оған қоса бақылаушы органдар әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікке қойылатын 15 пайыздық шекті үстемеақыны тексеріп, кәсіпкерлерге 300-ден 600 мың теңгеге дейін айыппұл сала бастаған.
Парламент депутаты Олжас Құспеков үй жанындағы дүкендер іс жүзінде банктер мен мемлекеттің орнына халықты пайызсыз несиелеп отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, қатаң шектеулер мен банктердің жоғары комиссиясы шағын сауданы түпкілікті банкроттыққа итермелеп отыр.
«Бүгінде шағын дүкендердің 90 пайызында “қарыз дәптері” бар. Адамдар жалақысы мен жәрдемақысына дейін нан мен сүтті қарызға алып күнелтуде. Кәсіпкерлер 15 пайыздық үстемеақы талабы мен банктік комиссиялардың қыспағынан жабылудың аз-ақ алдында тұр», – деді депутат.
Шағын саудагерлер тауарды ірі желілер сияқты өндірушіден тікелей арзанға ала алмайды. Олар өнімді делдалдардан қымбат бағаға алып, үстіне 15 пайыздан артық қоса алмай, оның 3 пайызын банктердің эквайрингіне бергенде, коммуналдық төлем мен жалдау ақысын жабуға ақша таба алмай қалады.
Бектеновтің жауабы: Халықтың әлеуметтік қорғалуы маңызды
Премьер-министр Олжас Бектенов бағаға бақылауды алып тастау халықтың жағдайын одан әрі нашарлататынын ескертіп, депутаттық талаптарды орындаудан бас тартты. Үкімет басшысының уәжінше, егер тексеруге тыйым салынса, дүкендер бағаны негізсіз өсіріп жібереді.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуына бақылауды тоқтату бағаның негізсіз өсуіне алып келеді. Үй жанындағы дүкендер бөлшек сауданың басым бөлігін құрайтындықтан, мұндай шешім халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қалтасына ауыр тиеді», – деп жауап берді Премьер-министр Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы банктердің комиссиясын әкімшілік жолмен 0,5 пайызға дейін күштеп шектеу нарықтық қағидаттарды бұзатынын және қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымына кері әсер ететінін атап өтті. Шенеуніктердің айтуынша, заң бұзған дүкендерге алғашқы рет тек ескерту жасалады, ал айыппұл қайталанған жағдайда ғана салынады.
Текетірестен кім ұтылады?
Үкіметтің бұл шешімі екі жақты тығырықты одан әрі ушықтырды. Бір жағынан, мемлекет инфляцияны тежеу үшін бағаны қатаң бақылауда ұстауға тырысады. Екінші жағынан, шынайы экономикалық жағдай ескерілмегендіктен, шағын кәсіпкерлер айыппұлдан қорқып, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатудан мүлде бас тартып жатыр. Сөрелерде арзан нан, сүт, қарақұмық немесе сұйық май жоғалып, оның орнын қымбат өнімдер басуда.
Ең қасіреттісі – осы текетірестің ортасында «қарыз дәптеріне» телмірген қарапайым тұтынушылардың қалып отырғаны. Ірі сауда орталықтары ешқашан жалақыға дейін қарызға нан бермейді. Тұрғындар үшін үй жанындағы шағын дүкен тек сауда орны ғана емес, қиналғанда қол ұшын созатын әлеуметтік құтқарушы қызметін атқарып келген еді.
Үкімет бағаны бақылау арқылы мәселені шештік деп есептегенімен, халықтың табысын көтермей және шағын бизнеске қолайлы салық пен төмен банктік тарифтер ұсынбай, баға дағдарысын жеңу мүмкін емес. Дүкендер жаппай жабылса, нан үшін қарыз сұрайтын миллиондаған тұрғынның күні қараң болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







