Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында үміткерлерге республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін бекітті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров тиісті қаулыларға қол қойды. Мемлекет тарапынан үгіт-насихат пен ұйымдастыру жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі өкілді органның деңгейіне байланысты сараланған.
Өңірлік және қалалық деңгей: үміткерлерге бөлінетін қаражат
Астана, Алматы, Шымкент және облыстық мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін бюджет есебінен 700 мың теңгеге дейінгі шығыс өтеледі. Нақты белгіленген шығыстар тізбесі мынадай:
– Теледидар мен радиодан бағдарламамен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға – 410 000 теңге;
– Көпшілік алдындағы сайлауалды іс-шараларын өткізу мен үгіт материалдарын басып шығаруға – 180 000 теңге;
– Көлік шығыстарына – 110 000 теңге бекітілді.
Қалалық мәслихаттарға үміткерлердің үгіт-насихатына жалпы сомасы 650 мың теңгеге дейін қарастырылған. Оның ішінде телевизия, радио және баспасөздегі екі мақала үшін 400 мың теңге, көпшілік шаралары мен үгіт өнімдеріне 170 мың теңге, ал көлік шығындарына 80 мың теңге қарастырылған.
«Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерге жалпы көлемі 500 мың теңге қаражат көзделген: БАҚ пен желілік басылымдардағы бағдарламаға 290 мың теңге, үгіт шараларына 130 мың теңге, ал көлік шығындарына 80 мың теңге бөлінеді».
Сайлау кезеңдері мен мерзімдері
ОСК бекіткен күнтізбелік жоспар бойынша мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де түпкілікті аяқталады.
Тіркеу мерзімі өткен соң ресми сайлауалды үгіт басталып, ол 28 қараша күні түнгі сағат 00:00-ге дейін, яғни тыныштық күніне дейін созылады. Дауыс беру күні 29 қарашаға белгіленген, ал ресми қорытынды 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануға тиіс.
Еске салсақ, президент Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойған еді. Саяси кеңістіктегі өзгерістерге сай депутаттық корпустың заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған саяси додада өңірлердегі өкілді органдар құрамы қайта жасақталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







