Кеше өмірімде алғаш рет петицияға қол қойдым. Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петицияға. Композиторға, «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушылардың бірі әрі ұзақ жылдар бойғы жетекшісіне. Бұл атаққа әбден лайық деп санаймын, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірақ қол қойғаннан кейін бір сұрақ ойымнан кетпей қойды. Халық әлдеқашан өз өнерпазы деп таныған адамды мемлекетке таныту үшін неге халықтың өзі қол жинауы керек? Сонда «халық әртісі» атағының мәні неде?
«Дос-Мұқасан» 1967 жылы құрылды. Келер жылы ансамбльге 60 жыл толады. Мұрат Құсайынов қазақ әнін заманның жаңа музыкалық үнімен тоғыстырған өнерпаздардың бірі болды. «Туған жер», «Қуанышым менің» әндерінің музыкасын, «Бетпақ дала» композициясын жазды. Бұл еңбектің дәлелі өнерінің өзінде тұр.
Ансамбльдің әндері бірнеше ұрпақтың өміріне енді. Сол әндерді әлі тыңдаймыз, бірге шырқаймыз, балаларымызға таныстырамыз. Мен үшін халықтың мойындауы деген осы. Уақыт сынынан өткен ықылас.
Ресми мойындаудың жолында қандай мәселе бар?
2025 жылғы 3 желтоқсанда Мәдениет және ақпарат министрлігі Tengri Life басылымына Мұрат Құсайыновқа осы атақты беру туралы өтінішхат түспегенін хабарлаған. Сол жылғы құжат қабылдау аяқталған. Ведомство келесі жылы тиісті түрде рәсімделген құжаттар келсе, қарауға дайын екенін айтқан.
Бірақ қазіргі петицияға қоса берілген марапаттау құжатында тағы бір маңызды дерек бар. «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» 2025 жылғы 23 маусымда Мұрат Құсайыновты осы атаққа ұсыну туралы шешім қабылдаған. Қол қойылған, мөр басылған. Осы құжат кейін қайда жіберілді? Министрлікке жетті ме, тіркелді ме? Жарияланған материалдардан бұл жағы анық емес. Сондықтан нақты түсіндіру қажет.
Құжат керек. Рәсім де керек. Алайда министрліктің өзі марапатқа ұсынуға бастамашы бола алады. Түпкілікті шешімді Президент қабылдайды. Ал кандидатураны ұсынып, материалдарды дайындау ведомствоның өз қолынан келеді. Осындай тұлға туралы азаматтар неге арнайы еске салуға тиіс?
Мұрат Құсайыновтың еңбегі бұған дейін де мемлекеттік деңгейде бағаланған. Оның еңбек сіңірген әртіс, еңбек сіңірген қайраткер атақтары, «Құрмет» және «Парасат» ордендері бар. Бүгінгі сұрақ нақты: оның шығармашылық еңбегі «Қазақстанның халық әртісі» атағына қойылатын өлшемдермен қалай бағаланады? Осы атаққа ұсынуға не кедергі?
«Халық әртісі» атағы халық өмірінен ерекше орын алған өнерпаздың еңбегін мемлекет мойындағанда мәнді болады. Сонда марапатқа деген құрмет те артады. Ал жұрт өзі айқын көріп отырған еңбекті мойындату үшін қайта-қайта өтініш айтуға мәжбүр болса, марапаттау тәртібіне сұрақ туады, – деп атап өтті Мұрат Әбенов.
Өнерпазға деген халықтың сүйіспеншілігі куәліксіз де сақталады. Мемлекеттік атақтың беделі оны қаншалықты әділ беретінімізге байланысты. Кімді марапаттасақ, қоғамға қандай еңбекті бағалайтынымызды көрсетеміз. Мұны жастар да көріп отыр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Біз өнердегі тұлғаларымыз туралы жақсы сөз айтуды білеміз. Сол сөзге сай шешімді уақытында қабылдауды да үйренуіміз керек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрат Құсайыновтың кандидатурасы бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын ашық түсіндіріп, «Дос-Мұқасанның» 60 жылдығына орай тиісті ұсынысты дайындауы қажет деп санаймын. Қоғамға нақты жауап керек.
Сіздің алдыңызда масқара болғанымызды мойындауымыз керек, Мұрат аға
Мұрат аға, мен осы петицияға қол қойдым. Бірақ Сізден кешірім сұрағым келеді. Менің білуімше, Сіз өзіңізге осы атақты сұраған жоқсыз. Бұл мәселені өнеріңізді қадірлейтін біз көтердік.
Алғысымызды Сіз үшін атақ сұраған өтініш арқылы жеткізудің өзі маған ыңғайсыз.
Білесіз Мұрат аға мен де билікке қатысы бар адаммын. Жауапкершілік те бар, мүмкіншілік те …
Өткен жылы сіздің авторлық құқық бойынша өнер адамдардың мәртебесін қорғау бойынша ұсынысыңызды естіп Бакытжан Базарбек бірге барып сізбен кездесіп талаптарыңызды тындаған едік. Содан кейін заң шығардық. Сол кезде де сіз өзіңіз үшін ештеңе сұрамадыңыз. Тек барша өнер иелерін қолдадыңыз. Сонын ішінде өмірден өткен тұлғалардың отбастарына қатты жанашырлық таныттыңыз.
Ірісіз ғой аға
Ал биліктегі Інілеріміздің бұл үлкен қателігі.
Мен олар үшін де өзімді жауапты сезінемін. Биліктік бір өкілі ретінде.
Бірақ дәл кәзір ҚР азаматы, сізді құрмет тұтатытын ініңіз ретінде әрекет жасауды дұрыс көріп тұрмын.
Елге белгілі еңбегіңізді тағы бір дәлелдеуге кезекке тұрғандаймыз. Сіздей намысты адамның қадіріне қылау түсірмей қолдау білдірудің қаншалықты маңызды екенін ойлаймын.
Сіз қаншама жыл халық алдына өнеріңізбен шықтыңыз. Енді менің де Сіздің жаныңыздан табылғым келді. Осы атақты алу үшін петиция қажет болғаны көңіліме ауыр тисе де.
Кешіріңіз, Мұрат аға. Мен сонда да қол қойдым. Сізді қолдағандардың қатарында болғым келді. Өнеріңізге деген құрметпен. Бізге сыйлаған әндеріңіз үшін алғысыммен.
Мұрат Әбенов
P. S. Құрметті достар, енді бәріміз бірге қолдау көрсетейік! Мұрат ағамызға «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петицияға жаппай қол қоюға шақырамын.
Петицияға қол қою сілтемесі бірінші комментарийде.
Қол қойған соң осы жерге «Мен де қол қойдым!» деп пікір қалдырыңыздар. Пікірде достарыңызды белгілеп, оларды да қосылуға шақырыңыздар. Осы жазбаны бөлісіп, петицияның сілтемесін таныстарыңызға жіберіңіздер.
Билік те, марапат туралы шешім қабылдайтындар да Мұрат ағамызды халықтың қалай қолдайтынын көрсін. Халықтың ықыласы адамды биікке көтереді. Ал халықтың сенімінен айырылғанда, ең биік лауазымның өзі беделді сақтап қала алмайды.
Халық сүйген өнерпазды халық болып қолдайық. Мұрат ағамыз жанашырлығымызды сезінсін!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







